Әлем • 05 Наурыз, 2020

Кореядағы қазақстандықтан коронавирус табылмады

110 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Кореядағы коронавирус жұқтырған қазақстандық туралы ақпарат жалған болып шықты. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында хабарлады.

Кореядағы қазақстандықтан коронавирус табылмады

 

«2020 жылдың 3 наурызында Оңтүстік Кореяның әлеуметтік желілерінің орыс тілді топтарында Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Қа­зақстан азаматы коронави­рус жұқтырғаны туралы ақ­парат таралды. Сонымен бірге науқастың клиникадан қашып кеткені, қазіргі уақытта полиция іздеу жариялағаны да айтылған. Қазақстанның Оң­түстік Корея­дағы Елшілігі тиісті шаралар жүргізіп, нәти­жесінде ақпараттың жалған екенін анықтады», деді А.Сма­дияров.

Корей полициясының ақпа­ратына сәйкес, осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандық азамат коронавируске шалдыққан бірнеше адам барған қоғамдық орында болған. Одан кейін белгіленген тәртіпке сәйкес, оған және сол орында болған бар­лық адамдарға аурудың сырт­қы белгілері байқалған жағ­дайда вирустың бар-жо­ғын анықтау тестін тапсыру қа­жеттігі ескертілген. «Отан­дасымыз барлық қажетті ме­ди­­ци­налық процедуралардан өту­ге және жергілікті би­лікпен ынтымақтасуға дайын. Біздің Елшілік коронавирус Оңтүстік Корея аумағында анықталған алғашқы күннен бастап жергілікті Ішкі іс­тер министрлігімен және Ауру­ларды бақылау, алдын алу ко­рей орталығымен тығыз жұ­мыс істеп келеді. Аталған ор­та­лықтың ұсынысы бо­йынша біздің отандасымыз телефон арқылы күнделікті денсаулығына бақылау жүр­гізіп, үй карантинінде болуы қажет», деді А.Смадияров.

Жергілікті полицияда біз­дің азаматпен байланыс ор­натылған. Ол бұған дейін кли­никаға бар­­­мағанын және коронавирус бар-жоғын анық­тайтын қан­дай­да бір сараптама тапсыр­ма­ғанын  жеткізген. Ресми өкіл Қазақ­станның Оң­түстік Корея­дағы Елшілігі бұл мәселені тұ­рақты бақылауға алғанын хабарлады.

Сонымен қатар жиында Оң­түстік Кореядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесі қарастырылмағаны белгілі болды. «Өздеріңіз де білесіздер, ол жақта 35 мың азаматымыз бар. Әзірге оларды эвакуациялау мәселесі көтеріліп отырған жоқ. Азаматтарымыздың кейбірі Корея аймағында заңсыз жүр. Олардың да қауіпсіздігі үшін медициналық орталықтармен келіссөз жүргізіп жатырмыз», деді А.Смадияров. Бұған дейін Корея мен Қазақстан ара­сындағы әуе рейстерінің қысқартылғаны хабарланған болатын.