Қоғам • 05 Наурыз, 2020

Ғылымға бөлінетін қаржы ұлғаяды

451 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыда Ұлттық ғылым академиясының дәстүрлі жалпы жиналысының сессиясы өтті. Бүгінде ғылымды қолдау, қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесі қоғамда жиі талқыланатын мәселенің біріне айналды. Жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғалымдарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай Үкіметте ғылым саласын қолдауға байланысты нақты шаралар қолға алынғанын жеткізді.

Ғылымға бөлінетін қаржы ұлғаяды

Ведомство басшысының айтуынша, 2025 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ІЖӨ-нің 1 пайызына жеткізу міндеті тұр. Министр қолдау бір пайызға жеткен жағдайда қаржыны тиімді пайдалану үшін ғылымды басқару мәселесі маңызды екенін айтты. Бұл үшін аталған бағыттағы тиісті нормативтер дұрыс жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар ғылымды конкурстық қаржыландыруда үш жыл мерзімнің ұзақ уақыт екені, осы үш жыл ішінде қаншама өзгерістер орын алатыны әрі конкурстан өтпей қалған ғалымдардың басқа салаға бет түзейтіні айтылды. Алдағы уақытта ғылыми жобалар орындалу мерзіміне орай қаржыландырылмақ. Оның ішінде қысқа әрі ұзақ мерзімді жобалар да қарастырылып, ағымдағы жылдан бастап халықаралық бірлескен жобалар да жүзеге асатын болады. Ал биыл грант бойынша қаржыландыру конкурсы кезектен тыс өтеді. Сондай-ақ министр жас ғалымдарды қолдау мәселесіне ерекше назар аударылатынын айтты. Ұлттық ғылыми кеңес жұмысына тоқталу барысында осы мерзімге дейін басымдық беріліп келген жеті саланың қатарына жаратылыстану ғылымы қосылғаны белгілі болды.

«Бүгінде елімізде жаратылыстану ғылым­дарының қалыптасқан мектебі бар. Үкімет оты­рысында осы тізімге жаратылыстану ғылым­дары енді», деді министр. Ғылыми жур­налдарда мақала жариялаудың өзектілігін қозғаған А.Аймағамбетов, бұл бағытта мемлекет тарапынан қаржыландыруға баса көңіл бөліп отырған Өзбекстан тәжірибесін тілге тиек етті. Халықаралық журналдарда қазақ тіліне, тарихына қатысты мақалалар жариялаудың қажеті қаншалықты, дей келе министр алдағы уақытта ғылыми жур­налдардың мемлекеттік тұрғыдан қолдау таба­тынын атап өтті. Отандық ғылымды дамытып, бәсекеге қабілетті етуде ғалымдар ықпал­дастығының маңызды екенін, жоғары оқу орындарында оқытушылықпен, ал ғылыми-зерттеу инс­титутында ғылыммен айналысып жүрген ғалымдардың ғылымды дамытуға күш-жігері аса қажет екенін назарға алды.

Жиында Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов былтыр атқарыл­ған жұмыстарға қатысты есеп беріп, ғылым бойынша Ұлттық баяндаманы дайындау және басып шығару жұмысы, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық, елдегі және әлемдегі ғылымның жай-күйін салыстырмалы бағалау, басым бағыттар, индустриялық-инновациялық дамуды ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етудің өзектілігіне тоқталды.

Сессияның күн тәртібіне сәйкес М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Кенжехан Матыжанов ұлт­тың рухани көшбасшысы Абай шығарма­шылығындағы адамзаттық құндылықтар жайы­на тоқталды. «Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұрт­шылығына кеңінен таныстыру қажет», деген ел Президентінің жүрекжарды пікірі ХХІ ғасырдағы абайтанудың басты бағдары болуға тиіс» деді К.Матыжанов.

Ал «Әл-Фараби мұрасы және Ұлы дала құндылықтары» баяндамасында Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этно­ло­гия институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов ғұлама ғалымның әлемдік бейнесіне, ізгілікті ой-пікірлеріне тоқталып, әл-Фараби қазақ халқының ғана емес, әлемдік өркениеттің рухани игілігіне қызмет еткенін атап өтті. Баяндамасын фарабитанудың негізі Ақжан Машаниден бастау алады деп бастаған ғалым осы бағыттағы зерттеулердің маңыздылығына зер салды.

Ғалымдардың алқалы жиыны саланы толғандырған мәселелерді ортаға салумен, сондай-ақ бүгінге жеткен жетістіктерді саралаумен жалғасын тапты. Өткен жылы қазақстандық ғалымдар жасаған ғылыми жаңалық аз болған жоқ. М.Жұрынов өз баян­дамасына былтыр ғалымдарға әл-Фараби атындағы ғылым, техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтарды беру зор жетіс­тік саналғанын арқау етті. Олардың қата­рында ҰҒА академиктері Т.Шарманов, Т.Есполов, А.Медеу, И.Бейсенбетов, Н.Иванов, Т.Садықұлов және ҰҒА құрметті мүше­сі Т.Досмұханбетов бар. Сонымен қатар өткен жылы ҰҒА ұжымдық мүшесі – Д.В.Сокольский атындағы Жанармай, ката­лиз жəне электрохимия институты Мәскеу халықаралық академия­сы ғылыми жетістіктері үшін «титанды электролизден кейінгі химиялық еріту құбылысы» ғылыми жаңалығы дипломға ие болса, авторлар тобы химия саласындағы алғашқы ғылыми жаңалығы үшін Нобель сыйлығының лауреа­ты Петр Капицаның Алтын медалімен марапатталды. Сондай-ақ ҚазжолҒЗИ авторлар тобының «Наноқұрылымды битумдардың пайда болу құбылысы» еңбегін ерекше атап өту қажет. Олардың ішінде Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі Б.Телтаев, А.Алыбай, А.Абжалиева бар. Ғылыми жаңалық ретінде өткен жылдың шілдесінде Мәскеудегі халықаралық ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстар авторларының академиясында тіркелді.

М.Жұрынов атап өткендей, 2003 жылы ҰҒА академиктерінің бастамасымен әрі Президент Жарлығымен республикалық қоғамдық бірлестікке айналды. Екі реформадан кейін ҰҒА институттарсыз, республикалық орта мектептердің құқықтары негізінде министрліктің Ғылым департаментінің қарауында болды. Оған академиктердің келіспегені белгілі. Соның салдарынан ҰҒА ғылыми ұйымдарды әкімшілік-басқару қызметінен айырылып, 45 академиялық институт академия құрамынан басқа ведомстволарға – Білім және ғылым министрлігіне, ұлттық компанияларға ауыстырылды. Дегенмен құрамында еліміздің барлық жетекші ғалымдары бар бірден-бір әмбебап ғылым академиясы бола отырып, Ұлттық ғылым академиясы барлық жетекші әлемдік қауымдастықтардың беделді мүшесі болып қала бермек. Отандық ғылым саласы қандай қиын қыстау кезеңдер болсын жоғары беделге ие бола береді.

 

АЛМАТЫ