Аймақтар • 05 Наурыз, 2020

Іргелі істің басындағы іскер арулар

314 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез-келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын аңғартатын мағына жатыр. Өйткені, қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің үлесі бар екені ақиқат.

Іргелі істің басындағы іскер арулар

Кейінгі кездері ауыл шаруашылығымен және басқа да кәсіп түрлерімен айналысып жүрген нәзік жандылар жетерлік. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауға ие болған кәсіпкер әйелдердің жетістікке жеткендері де аз емес. Айталық, соңғы бес жылда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 55 мың кәсіпкерге несие берген болса, соның 19 мыңы кәсіпкер әйелдерге тиесілі екен. Несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жандылардың бірнешеуіне тоқтала кетейік.   

Тіршілігін тігіншілікпен байланыстырады

Қызылорда қаласында тұратын Жадыра Құлмырзаева тіршілігін тігіншілікпен байланыстырған кәсіпкер. Балабақшада, колледжде және тағы бірнеше жерде шәкірт тәрбиелеп, жұмыс істеген кәсіпкер бір күні өзінің тігін шеберханасын ашуға бел буады. Өйткені, бала күнінен ісмерлікке құмар Жадыраның екі әжесі де төңірекке белгілі шебер адамдар екен. Тігіншілік өнер өзіне қанмен дарығанын айтады.

2013 жылы бір дүкеннің бұрышынан шағын ғана тігін шеберханасын ашқан кәсіпкер, 2017 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алып, екінші шеберханасын іске қосыпты.

Тапсырыстың көптеп түсуіне байланысты араға үш жыл салып, биыл өз қаражатымен үшінші шеберханасының лентасын қиды. Бүгінде кәсіпкер оншақты адамға жұмыс беріп отыр.

– Бала күнімнен тігін тігуге құмар болдым. Өз әжем де, нағашы әжем де ісмер адамдар. Бұл маған қанмен дарыған өнер деп ойлаймын. Өнер өз алдына, сол өнерді кәсіпке айналдыру, табыс табу оңай емес, әрине. Бірақ өзің сүйіп істейтін жұмыс болғандықтан, барлығына шыдайды екенсің. Қиындықтарды жеңе білсең ғана жетістікке жетесің. Ең алдымен адалдық, табандылық, төзімділік сияқты қасиеттер өте қажет», - дейді үш бала тәрбиелеп отырған тігінші кәсіпкер.

Төрт түліктің төресін бағады

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кәсіпкер әйелдерді шағын несие беру арқылы қолдап келе жатқан ұйым. Бұл орайда, ауылдық жерлерде мал шаруашылығымен айналысатын әйелдердің еңбегі ерен екенін айта кеткен жөн. Қарағанды облысының Ақадыр кентінде тұратын Гүлнәр Рахымжанова жылқы шаруашылығымен айналысады. Жігіттердің жүрегі дауаламайтын істі қолға алған кәсіпкердің әкесі кезінде жылқы фермасының бригадирі болған екен. Бала күнінен атқа мініп, тайжарыстан қалмайтын ерке қыз болашағын тек ауылмен байланыстырады.

Ол былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жылқы өсіру мақсатында 3,3 млн теңге несие алған болатын.

– Бала күнімнен жылқыға жақын болдым. Жылқы деген төрт түліктің төресі ғой. Әкем жылқы фермасының бригадирі болды. Саумал, қымыз ішіп, атқа мініп өскенбіз. Қаржыгер және заңгер мамандықтары бойынша екі жоғары білімім бар. Болашағымды тек ауылмен байланыстырамын, қаланың қарбаласқан өмірі ұнамайды. Қалаға бір күн барсам, ауылға тезірек қайтуға асығамын. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие рәсімдеп, жылқы сатып алдым. Қазір өзімде он шақты жылқым бар. Алдағы уақытта бие сауып, қымыз дайындауды жоспарлап отырмын. Негізі, жоспарларым өте көп. Оның бәрін қалай жүзеге асыратынымды уақыт көрсетеді, – дейді кәсіпкер.

Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының 48 мыңнан астам клиенті бар. Соның үштен бірін кәсіпкер әйелдер құрайды.

– Өткен жылы Қор жалпы кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдерге 21,5 млрд теңге бағытталды. Кәсіпкер әйелдердің бір ерекшелігі – алған несиесін уақытында өтейді және алған міндеттемелеріне өте жоғары жауапкершілікпен қарайды. Қор кез келген кәсіпкерлік мақсаттағы жобаларды қаржыландыру мен бизнес-бастамаларды іске асыруда әрқашан кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсетуге әзір, - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарушы директоры Думан Оспанов.

 

Нұртөре САМАРҚАН