Ашық, әсем дауыс таза күмістей сыңғырлап тұр. Ұлы хакімнің ұлағатын замандастарының сүйегіне сіңіргісі келетіндей. Тіпті, сахнаға жанары жетпеген адам Абай атасының өлеңін жан дүниесімен беріліп, сыбызғыдай сызылып тұрған адамды орыс қызы десе, сенбестей. Тілінде бір мүкіс жоқ.
Облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Алена Солопова Зеренді ауданындағы Троицк ауылының тумасы екен. Бұл жерде негізінен өзге ұлт өкілдері тұрады. Білім ошағы да орыс тілінде. Жүздесіп, тілдескен соң Аленаның тіл сындырар қазақы ортасы жоқ жерде қалайша қазақ тілінде таза сөйлейтіндігіне таңғалғанбыз. Кейіпкеріміздің өзі бар жетістігім мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Толтыр Әбішева мен Сайран Лекерова сияқты ұстаздарымның арқасында дейді.
– «Жаста берген тәрбие, жас қайыңды игенмен бір» дейтін сөз бар қазақта, – дейді Алена Солопова, – тіл мәйегін, қазақ тілінің құдіретін, бояуы мен нақышын ұстаздарымның арқасында бойыма сіңірдім. Одан соң Абай әлеміне ғашық болдым. Тұнып тұрған ғибрат. Кейде замандастарымның бойынан еріншектік пен жалқаулықты, тоғышарлықты көргенде, шіркін осылар Абай мұрасын түсініп, түйсініп оқыса ғой деп армандаймын. Оқи қалса, сөз астарындағы мазмұн мен мағынаны ұғар шамасы болса, жан дүниелеріндегі шаң-тозаңнан арылып, көркем кескіндері қалыптасар еді.
Абай мұрасына ғашық ару әуелі 6-сыныптан өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған аудандық тіл байқауында жеңіске жетіпті. Сол сәттен бастап бойында өз біліміне деген сенімділік қалыптасқан. Алға ұмтылған. Түпсіз терең дарияға армансыз бойлаған. Інжу-маржанын терген. Қайтсем де республикалық байқауда топ жарамын, сол арқылы Абай мұрасын өзге ұлттың қалай қадірлейтінін көрсетемін деп мақсат қойған екен. Университеттің бірінші курсында облыстық «Тіл парасат» байқауының жеңімпазы атанғанда төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалыпты. Байқау жеңімпазы кейін республикалық жарыста облыс намысын қорғаған.
– Бұл жерде тіл меңгерген түлектер көп болды. Байқау өте тартысты өтті, – дейді Алена, –үшінші орын алдым. Соның өзі мен үшін үлкен мерей болды.
– Дана Абайдың қанша өлеңін жатқа білесің? – деп сұрадық біз.
– Бәлкім, отыз, мүмкін қырық шығар. Санамаппын. Қалғанын жатқа білмесем де, мазмұнын жадыма тоқып, оқып шықтым. Әсіресе, қара сөздерін қайталап оқуға құмармын. Жаныма жігер, бойыма қуат, білегіме күш береді.
Білек туралы білікті қыз тегін айтып тұрған жоқ екен. Осы жасында-ақ Алена Солопова пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының спорт шебері, ұлттық санаттағы төреші, Азияның төрт дүркін, Қазақстанның он дүркін чемпионы болған. Біріккен Араб Әмірлігінде, Моңғолияда, өзге де бірқатар шетелде өнер көрсеткен. Өткен жылы оқудағы және спорттағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының шәкіртақысына ие болыпты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Жүз жаңа есім» жобасына қатысқан.
КӨКШЕТАУ