Әдебиет • 09 Наурыз, 2020

Төлеген Айбергеновтің анасы - Жібек ана

1709 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ халқының тарихындағы тар жол, тайғақ кешулі күрделі кезеңдерді, тағдыршешті сәттерді – ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, колхоздастыру, кәмпеске, соғыс, тың игеру жылдарындағы ана тарихы, аналардың көз жасымен жазылған тарихты ақындардың аналарына арнаған жырларымен, сол аналардың тағдыры арқылы ашып көрсеткіміз келеді. Осы аналар ғасырды арқалаған, аманат арқалаған аналар. Сондай кезеңнің өзінде көз жасын жеңімен сүрте жүріп ұлдарын, ұлтын, қазақ әйелінің қастерлі бейнесін, ақ жаулықтың киесін сақтап қалды. Қазақ поэзиясындағы ана жайлы ең үздік жырларды, сол жырларға кейіпкер болған аналар тағдырын қабыл алыңыздар.

Төлеген Айбергеновтің анасы - Жібек ана

Жібек Ана

Қасымның анасы өгей әкенің қаһарынан ығып, баласына мейірін қандырып ас бере алмай, мейірленіп сүйе алмаса, Төлегеннің анасы да осы күйді кешті. «Балам, сен мына нәрестені уызға тойдырмасаң болмайды, Айсұлудың емізбе дегеніне қарамай, жасырып, ол жоқта емізіп, уызға, тым болмаса, үш-төрт рет тойғызып қой» дейді Жібек анаға енесі. Сонда қайран ана шақалақтың оңаша қалған сәтін аңдып жүріп, ұрлана емізеді екен. Мұның себебі, түу тереңде жатыр. Бұл тұста Оспан секілді әкенің оспадар қылығы жоқ, Төлеген анасының бәйбішеге берген уәдесі бар. Сол уағданың сертінен асып кете алмай қор болады.

Тағдыры талқыға, бары талауға түскен Жібек ана Әмудария асып, Төлегеннің әкесі Айбергенге қосылғанға дейін көз жасы сорға түскен тамшыдай кермек татыған жан екен. Өз еркі өзінде болмаған қазақ қызы өмірінің күнгейі – бұлттан сығалаған жасқаншақ сәуледей ғана заман емес пе еді ол?!. Әмеңгерлікпен әрі-сәрі күйге түскен тағдырының зарынан Айбергеннің көрген аян түсі ғана арашалап қалады. «Айберген, сенің қасыңа келіп қонған күңнің қалтасында алтын қанжар бар, соны неге алмайсың?». Міне, осы түс, осы алтын қанжар – Төлегеннің көрер жарығы, болашақ ұлы ақынның тағдыр бастауы болды. «Мен жарақат салмаған семсер едім, сондықтан жарқылдаймын, әйтпесе өтпес те едім» деп Төлегеннің өзі кейін жырлағандай, қазақ өлеңінің алтын қанжары – құсалы ананың құрсағына біткен екен:

Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем?

Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен.

Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,

Сендік қуат мың есе артық

 Жердің тарту күшінен.

Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,

Көк жолының қарсылығын қағып тастап

барам мен.

Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,

Әркез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.

Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,

Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.

Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен

 шерменде,

Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,

Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,

Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.

Бұл дүниеге онсыз дағы кеткен жоқ па көп есең,

О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен?!

Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,

Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?

Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,

Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.

Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,

Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!

 

Ерлан ЖҮНІС,

Мирас АСАН,

Маржан ӘБІШ.

Соңғы жаңалықтар