Аймақтар • 10 Наурыз, 2020

Майқарағайдағы оқиға

1634 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Бұған дейін «Майқарағай ауылында жақында жұмысқа келген 19 жастағы қыз мектеп маңында зорланған. Факті бойынша бірқатар сараптама тағайындалды. Полиция мәліметінше, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жариялануға жатпайды» деген ақпарат таратылған-ды.

Майқарағайдағы оқиға

 

Өңіріміздегі ауылда болған осындай бір сұмдық жағдайдан соң, анық-қанығына көз жеткізу үшін жолға шық­тық. Майқарағай шалғайдағы ауыл, қалың қасат қардың арасымен ауыл­ға жетуіміздің өзі ұзаққа созыл­ды.

Оқиғаның қалай болғанын мектеп директоры Күлдерай Қасқыр­баева­ның өзінен естіп-білдік. Мектепте өнді­рістік тәжірибеге келген қыз өзі­нің туысы, мектеп директорының үйі­не орналасады. Ауылға келген күні де сол 25-ші ақпан екен.

Жас қыз 25 ақпан күні түнгі сағат 23-тер шамасында үйінен шық­қан, ал, полиция қыздың 23.30 –да зорлан­ғаны туралы мәлімет берді.

– Оқиға болған түні сіз қайда бол­ды­ңыз? Жас қыз түн ішінде сіздің үй­ден неге шығып кеткен? – деген сұра­ғы­мызға мектеп директоры:

– Мен түнде жылу қазандығын тек­серу үшін мектепке келіп-кетіп жү­­ремін. Осы түні де мектеп жа­нын­дағы жылыту қазандығы маңа­йын­да жүргенмін. Айналасы бір жарты сағаттың ішінде осындай жағдай болды, – дейді Күлдерай Қасқырбаева.

Мектепте 8 бейнекамера орна­тыл­ған. Директордың бөлмесінде де тұр. Бірақ түскен кадрлар қондырғының си­па­тына қарай сақталмай өшіп қала­ды екен. Сол түнгі оқиға да бейне­ка­ме­ра­ға түспеген.

Ал мектеп ауласына шық­қа­ны­мызда көргеніміз тіпті қор­қы­ныш­ты көрініс: айнала қаңыраған, бос қалған үйлер, кейбірінің есік-тере­зе­сі бекітілген, жабылған. Жас қыз түн ішінде үйден шығып, директор әпке­­сін іздеп келе жатқан жолда, дәл мек­т­ептің жанында қасқөйдің қолы­на түскен. Сол жерден мектептің дәл жа­нындағы аңғал-саңғал әлгі үйлер­дің біріне сүйреп әкеткен!..

– Ауыл ішінде де, мектептің кіре­бе­ріс есік алдында да шамдар жар­қы­рап жанып тұрады, – дейді ауыл әкімі Сайфолла Рыскелдинов.

Өкінішке қарай, сол жарық шамдар да қаскөйге бөгет болмағанға ұқ­сай­ды.

Тіпті, сол түні жергілікті учаскелік поли­цейлер Арман Тайшин мен Д.Ағаламбектовтер ауылда рейдте жү­­ре­­ді. Кенеттен айдалаға қашып бара жатқан қызды көре салып, қуып жете­­ді. Сол сәтте-ақ, зорлық оқи­ға­сын­ың орын алғанын біліп, күдіктінің соңы­­на түседі.

Тәжірибеден өтуге келген қыздың ауыл­ға келген күні 25-ші ақпан дедік. Қыз негізі 20 қаңтардан бастап ақпан айы­­ның соңына дейін өндірістік тә­жіри­­беден өтуі керек болса да, ол ақпан айының соңында келген.

Жас қыз білім алатын облыс орта­лы­­­ғын­дағы педагогикалық колледжде студентт­ердің тәжірибеден өту кестесі қалай «бекітіліп», «мақұл­данатыны» да осыдан-ақ бай­қала­тын­дай.

Ал жап-жас қызға айуандық жаса­ды деген жігітті Майқарағай, Мер­ға­лым ауылдарының тұрғындары түгел бі­леді. Білгендерімен, тағы да артық- ауыз бірдеңе деуге жасқанады.

–Біз оны түзелді, енді дұрыс жолға түсті, арақ ішпейді деп алданып қалып­пыз. Қайдан білдік бұлай боларын? – дейді ауыл жігіттері.

Екі ауылға да атышулы жігіт көр­ші Мерғалым ауылынан Майқа­ра­­ғайға келіп-кетіп жүреді. Өзі жұ­мыс­­сыз. Бұрындары мал ұрлығын жаса­ды деген күдікпен бірнеше рет ұс­талғанымен, екі жақты келі­сім­мен ауылға қайта оралып отырған.

Ауыл әкімі Сайфолла Рыскел­ди­новтің айтуынша, ауылдық аумақ­та Майқарағайдағы 75 үйде – 278, Мер­ғалым ауылындағы 91 үйде 391 адам тұ­р­ады. Ауылдық аумақта «Ертіс орманы» Майқарағай орман шаруа­шы­лығы орналасқан.

Ауыл мектебі болса, өте ескірген, күр­делі жөндеу көрмеген, 3-ші қабаты бос тұр. Айналасы толы қаңыраған бос үйлер. Мектеп оқушыларының қауіп­сіздігін кімдер ойлайды? Егер де 8 бейнекамераның бірі мектептің кү­зетшісінің алдында тұрғанда, мүм­кін осындай жан түршігерлік жағдай орын алмас па еді?

Ауыл жастары волейбол ойнайтын төбесінен су ағатын мектеп спорт залы да әбден тозып тұр екен.

Ауыл тұрғындары зорлық оқиғасы орын алған жағдайдан кейін енді мек­тебімізге жас мұғалімдердің кел­меуі де мүмкін деп отыр. Жас қыз­дың зорлану оқиғасы өңірдегі білім бас­қар­ма­сына, аудандық білім бөлім­де­ріне үлкен сын болар. Бұл бақы­лаусыздық. Жауапкершілік, қауіп­сіз­дік мәселелері ескерілмеген. Шал­ғай ауылдардағы шағын мектептерге деген солғын көзқарастың кесірі.

Аудандағы 23 шағын ауыл мек­те­бінің балаларын оқытатын аудан орталығынан интернат ашу мәсе­ле­сі­нің уақыты да жетіп тұр қазір. Мысалы, шағын делінетін Май­қа­рағай мектебінде 1-11 сынып ара­лы­ғында 49 оқушы білім алса, 19 мұ­ға­лім сабақ береді. Сонда 11 сыныпта – 4-ақ оқушы. Мектеп жанындағы бақ­шада –12 бала бар. Оқушылардың қатарына оңтүстіктен көшіп келген отба­сылардың 17 баласы қосылған. Былтыр «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасы аясында 6 жас мұғалім ке­ліпті.

Бірақ көшіп келушілер мектептегі бі­лім сапасына көңілдері толмайтындарын, пән мұғалімдерінің қажеттігін жет­кізді. Математика пәнінің аптасына бір рет өткен күндері де болыпты. Шағын мектептердің тыныс-тіршіліктеріне қай жағынан болсын қатаң бақылау, талап пен тәртіп керек екен­дігін, директорлар таңдауындағы мәсе­лені – Майқарғай ауылындағы жағ­дай бір-ақ күнде көрсетіп берді.

Біз Майқарағайдан қайтарда,
аудан орталығына келіп Аққулы ауда­ны­ның әкімі Абзал Балғабаевпен де жолықтық.

Әкім алда атқарылар асқаралы істер туралы баяндады.

– Әрине, Майқарағайдағы орын алған оқиға өте өкінішті жағдай. Енді биыл ауылдың жолы жөнделеді. Мек­теп­ке құжаттар дайындалуда, ша­­ты­рына, іші-сыртына күр­­делі жөндеу жасалуы мүмкін. Ал ескі, бос үйлерді аудандық ком­му­­­нал­­дық шаруашылық бөлімдері жөн­деп, есік-терезелерін жабады, – деді
аудан әкімі.

Біздің көзімізше, аудандық оқу бө­лімінің бастығы Ерсін Ержановқа бей­некамераны мектеп күзетшісі отыратын жерге орналастыруды,
аудан көлемінде өндірістік тәжіри­бе­ден өтуге келген, келетін студенттердің тізімін жасауды тапсырды.

Қазір 19 жастағы қызды зорлаған ер адам қамауға алынды. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен болған жиында облыстық полиция департаменті бас­ты­ғының орынбасары Елдар Әбді­ке­нов мәлім етті. – Оқиға 25 ақпан күні, түнгі сағат 23:30-да орын алған, – деді Елдар Әбдікенов. – 26 ақпан күні таңертең аудандық полицияның кезекші бөліміне азаматша арыз тү­сір­ді. Бір тәулік ішінде полиция қыз­меткерлері күдіктіні көрші ауылдан қолға түсірген.

Қазір қыз зорлау фактісіне сәйкес Қыл­мыстық кодекстің 120 және 121 баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Бірқатар сараптама тағайын­дал­ды. Жағдай департамент бас­шы­­сының толық бақылауында. Май­қарағай ауылының 30 жастағы тұр­ғы­ны өз кінәсін мойындап отыр. Куә­гер­лер де бар.

Елдар Әбдікенов ер адам мен жә­бір­­ленуші қыздың таныс болма­ға­нын айтты. Сонымен қатар күдіктіге қа­тыс­­ты осы уақытқа дейін басқа да сот істері қозғалған.

– Күдікті адамға қатысты 2010 жылы сексуалдық сипаттағы зорлық-зом­­бы­лық әрекеттерін жасағаны тура­лы шағым түскен. Алайда арыз жазылмағандықтан сот ісі қозғалмаған.

Ал 2017 және 2018 жылдары мал ұрлығына байланысты жауапқа тартылып, қылмыстық істер сотқа жіберілген. Кейін екі тараптың өзара келісімге келуіне байланысты бұл істер тоқтатылған, – деді полиция департаменті бастығының орынбасары.

Майқарағайдағы оқиға ауылдағы өзекті мәселелердің бірі екенін көр­сетіп бергендей. Біріншіден, бір­не­ше рет істі болған кісінің бақы­лау­­дан тыс қалған. Екіншіден, бо­лашақ ұрпақ тәрбиесіне деген нем­­құрайдылық мектептің жай-жағ­­дайынан көрінеді. Үшіншіден, ауыл­да­ғы халықтың әлеуметтік жағ­да­йы көңіл көншітпейтіні көрініп тұр. Осын­дай өзекті мәселелердің түйіні тарқа­тылмай, ұрпағымыз алаңсыз өмір сүреді деп айту қиын.

 

Павлодар облысы,

Аққулы ауданы,

Майқарағай ауылы