Аймақтар • 10 Наурыз, 2020

Курсанттар ардагер аналарды құттықтады

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық әйелдер күні және Жеңіс мерекесі  аясында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары Алматы қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын паналаған Ұлы Отан соғысына қатысқан аналарды құттықтады.

Курсанттар ардагер аналарды құттықтады

«Ел басына күн туған шақта патриотизмнің үздік үлгісін көрсете білген асыл жандарға алғысымызды жеткіземіз. Бүгінгі бейбіт күніміз сол кісілердің арқасы. Өзіміздің ыстық ықыласымызды, алғысымызды, құрметімізді білдіру үшін Отан соғысында ерлік көрсеткен ардақты апаларымызды құттықтауға келдік», дейді 4 курс курсанты Абылай Мұстабеков.

Аталған орталықта тұратын Ұлы Отан соғысына қатысқан Валентина Смирнова мен Марина Целуева, болашақ офицерлерге соғыс жылдарында бастан кешкендерін әңгімелеп, көрсеткен ықыластары үшін  ризашылықтарын білдірді.

Соғыс басталған жылы 18 жастағы Валентина Смирнова медициналық институттың 2 курс студенті еді. Өзге студенттер сияқты әскер қатарына алынып, соғысқа аттанған. Қаршадай қыз майдан даласында байланысшы болған. Жеңісті Тынық мұхитында, Қиыршығыс майданында қарсы алған.

«Сұм соғыстың ызғарында жүріп бәрін  бастан кештік: суықты да, аштықты да, өлімді де көрдік, соның барлығы мына тәтті өмірдің бір сәті үшін еді», - деп көз жасына ерік берді ардагер.

Валентина Смирнова Тынық мұхиты флотында әскери қызметін өткеріп жүрген жерінен 1946 жылдың ақпанында ғана елге қайтарылған. Теңіз флотын офицер мамандармен жасақтауға үлес қосқан жаужүрек сарбаз жеңіс жарияланғаннан кейін де 9 ай бойы әскери міндетін жалғастырыпты.

Соғыстан кейінгі жылдары Валентина Петровна Мәскеу инженерлік-құрылыс институтына түскен. Ал 1958 жылы Қазақстанға көшіп келіп, құрылыс саласында еңбек еткен. Бүгінде жасы 98-ге келгеніне қарамастан қария өзін жақсы сезінеді, ойы да, сөзі де анық.

Ал, ардагер Мария Целуева соғыс кезінде тыңшылық қызметте болған. Су-10 жойғыш ұшағын тізгіндеген  ол Украинаны азат етуге қатысып, 100-ден аса мәрте парашютпен секіріп, өзгелерді де бұл іске баулыған.