Парламент • 10 Наурыз, 2020

Д.Назарбаева: Басты міндет - халықты толғандыратын мәселелерді шешу

263 реткөрсетілді

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Бюро отырысы болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау туралы» ұсынысы күн тәртібіндегі алғашқы мәселе болды. Президент ұсынған кандидатуралар бойынша қорытындылар дайындау Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне тапсырылды.

Сенат тағайындаған Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мүшесінің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату, сондай-ақ Конституциялық Кеңес мүшесін қызметіне тағайындау күн тәртібіндегі келесі мәселе болды.

Отырыс барысында Сенат тағайындаған Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мүшесінің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату мәселесі одан кейін қаралды. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне осы кандидатура бойынша тиісті қорытынды дайындау тапсырылды. Бюро мүшелері одан басқа Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының «Қазақстан    Республикасы    Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындау туралы» ұсынуын да қарады.

Бюро отырысында Мәжілісте мақұлданған заң жобалары комитеттерге бөлініп берілді. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне еңбек және ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша түзетулер енгізу жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.

Бюро отырысы барысында 12 және 19 наурызда өтетін Сенаттың кезекті отырыстарына дайындық талқыланды. Салалық комитеттердің төрағалары отырыстарда қарауға ұсынылған мәселелердің дайындығы туралы хабардар етті.

Бюро мүшелері сондай-ақ Сенатта Шығыс Қазақстан облысының күнін өткізуді де талқылады. Дариға Назарбаева Аймақтар күндерін өткізудің басты міндеті – мемлекеттік бағдарламалардың өңірлердегі орындалу деңгейін айқындау, халықты толғандыратын мәселелерді жергілікті билікпен бірлесе отырып шешу жолдарын қарастыру екенін атап өтті.

Сенат жоспарына сәйкес биылғы 22 мамырда «Қазақстан Республикасында гендерлік теңдік пен отбасылық құндылықтарды дамыту» тақырыбы бойынша Парламенттік тыңдаулар өткізу жоспарланған болатын. Оны ұйымдастырып өткізу Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне жүктелді.

Соңғы жаңалықтар

iPhone 12 Pro рендері шықты

Технология • Кеше

Ұқсас жаңалықтар