Көктемгі су тасқынының алдын алуда әлі де олқылықтар орын алып отыр. Мәселен, жанар-жағармай қоры жетіспейді. Инертті материалдар салатын қап та жетімсіз. Облыстағы су басып қалу қаупі бар елді мекендердегі қарды тазалау іркіліспен жүргізілуде. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советовтің айтуына қарағанда, Аршалы, Астрахан, Бұланды, Бурабай, Ерейментау, Есіл тәрізді бірқатар ауданда олқылықтар орын алып отыр. Таяуда төтенше жағдайлардың алдын алу және зардабын жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев барлық аудан әкімдеріне, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалы, ақылы автомобиль жолдары дирекциясы, «Қазақстан темір жолы» АҚ филиалымен бірлесе отырып, су өтетін құрылғыларды мұқият тазартып, су қоймаларының дайындығын тексеруді тапсырды. Облыс әкімі наурыздың онына дейін гидротехникалық құрылғыларды жаңғырту жөнінде міндет қойды. Сондай-ақ тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру шарт. Ал су тасқынына дайындығы нашар аудан басшыларына нақты тапсырма берді.
Өткен жылдардағы су тасқынынан түйген тәжірибеге қарағанда, қауіп ең алдымен суы мол, арнасы кең Есіл, Жабай тәрізді ірі өзендердің бойынан судың іркіліссіз өтуіне байланысты. Қарғын су сай-саламен өзенге құйылған кезде лықсыған су ақпай қалып, жағалауды шайып кетіп жатыр. Сондықтан ең бірінші су алу қаупі бар елді мекендердегі су өткізетін жүйені тап-тұйнақтай етіп тазартқан жөн. Қыс бойы түскен қар өз алдына, наурызда да қар аралас жаңбыр жауып, ылғалды молайта түсуде. Даладағы жұмыспен бірге қаладағы дайындықты да жеріне жеткізе атқарған ләзім.
Су басып қалу қаупі бар 54 елді мекеннің маңындағы су жүретін 26,8 шақырым каналдың табанын тереңдету көзделген. 16,5 шақырым дамбаны нығайту жоспарланған. Оның үстіне уақытша 17,1 шақырым су бөгетін салу қолға алынған. 41 су өткізетін құрылғы қайтадан жабдықталды.
Төтенше жағдайлар департаментінің іс-шараларына 1 млрд 179 миллион теңге қаржы бағытталып отыр. Оның 128,2 млн теңгесі төтенше жағдайлар қоры, 861,6 млн теңгесі кезек күттірмес шараларға арналған. Қалалық және аудандық бюджеттер есебінен қосымша тағы да 189,2 млн теңге қарастырылған.
Қазір облыста 225,6 тонна жанар-жағармай қоры бар. 24,1 мың тонна инертті материалдар дайындалған. Елді мекендерден 1 млн 103,4 мың текше метр қар шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғаса түсетін болады. Қазіргі күні апаттың алдын алуға 1921 адам мен 979 техника дайын тұр. Егер көктемгі қарғын су бой бермей бара жатса, облыс аумағында алғашқы топқа көмекке келетін 814 адам мен 160 техника, 31 дана жүзу құралдары сақадай сай. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, қарғын су басу қаупі бар елді мекендердің тұрғындарын уақытша паналату үшін 192 орын дайындалған. Олардың 147-сі білім беру нысандары болса, ал 45-і басқа да ғимараттар.
Қазір облыстағы жағдай жіті қадағалануда. Алдағы тәуліктерден бастап 97 жерде кезекшілік ұйымдастырылады.
Ақмола облысы