Аймақтар • 11 Наурыз, 2020

Түзеу кабинетінің тигізер көмегі көп

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір Ақтөбе өңірінде есту мен сөйлеу қабілеттері қалыпты деңгейден төмен балаларды сауықтыру мен оңалтуға қатысты кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Облыстық білім басқармасының дерегінше, өңірде ерекше білім беруді қажет ететін 6370 бала бар. Сондықтан да осы санаттағы қоғамның жас мүшелері мен ата-аналарына тегін кәсіби көмек көрсететін арнайы білім мамандарына деген сұраныс жылдан-жылға өсе түсуде.

Түзеу кабинетінің тигізер көмегі көп

Бұл тұрғыда педагогикалық-психологиялық тұрғыдағы түзеу кабинеттерінің тигізер көмегі көп. Осы бағыттағы арнаулы оқу орындары облыстың барлық ауда­нында қызмет етеді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің пайымдауынша, мұндай кабинеттер, айрықша балаларға арналған білім беру интеграциясы шеңбе­рін­дегі маңызды құ­рал­дардың бірі. Өңірде дербес жұмыс істеуді қажет ете­тін әлеу­меттік рөлі жоғары, кедер­гісіз аумақ­тарды құру ісіне жүре­гінің жылуы мол жандар мен қайы­рымдылық қорлары да қол ұшын созып отыр. Осы орайда Ақ­төбе қаласында қос бірдей пси­хологиялық-педагогикалық тү­зеу кабинетін ашуға «Дара» қо­ры ұйытқы болғанын айтар едік.

«Әр алуан, бірақ тең: Қазақ­­­станда инклюзивті қоғамды құру» жобасы аясында ашылған ар­наулы кабинеттердің іске қосылуы жергілікті атқарушы органдарға түсетін жүктемені азайтуға сеп­тігін тигізгені анық. Мұндай игі іске жұмыла біл­гендердің қатарында «EastTardeSolutons» ЖШС да бар. Сауабы мол істің басы-қа­сында жүр­ген Гүл­нар Досанова мен Рах­мет Дар­мештің бастамалары қандай құр­метке де лайықты.

Аталған түзеу кабинеттеріне «Дара» қоры қаражатының есе­бінен бүгінгі заманға сай арнайы жабдықтар мен қондырғылар сатып алынған. Бұған қоса 2019 жылдың ақпан айында ашылған кейінгі түзеу кабинетіне күрделі жөндеу жүргізіліп, ерекше бала­лардың тұтыну қажеттілігіне қа­рай бейімделген. Мұнда емдеу-дене шынықтыру сабағына арналған жинақ, монтессори бөл­месі, сөйлеу мен есту қабі­летін дамытуға арналған компьютерлік бағдарлама жұмыс істейді. Со­нымен қатар баламалы байланыс тәсілдері, дидактикалық және көрнекі материалдар бар.

– Білікті мамандардың балалармен жеке және топтық сабақ­тар жүргізуіне барлық жағдай жасалған. Кешенді шаралармен шұғылданатын команданың қата­рында психологтар мен педагог-дефектологтар және логопедтер бар, – деді облыстық білім бас­­қармасының бөлім басшысы Қайрат Алдамжаров.

Ақтөбе қаласында кейіннен ашылған педагогикалық-психо­логиялық түзеу кабинеті ерекше білім беруді қажетсінетін 150 балаға арналған. Осы арқылы Ақтөбеде инклюзивті қоғам құру­ға тағы бір лайықты қадам жа­салды деуге толық негіз бар.

 

АҚТӨБЕ