«Жүрген аяққа жөргем ілігеді» дегендей, жүріп-тұрысы көп журналистік жұмыстың көрместі көріп, білместі біліп, тіпті, айтпасты айтып қоятын асаулығы бар. Бұл біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ біздің мақсат – басқаны мұқату емес, жақсылыққа жаршы, жетпеске жанашыр болу, кемшілік түзелсе екен деген ниет. Қаламен қанаттас қоныстанған Мұнайлы ауданында мектеп жетіспеушілігі салдарынан 7000-нан астам оқушының автобустарға үйме-жүйме тиеліп Ақтауға тасымалданатыны, ондағы орын алатын келеңсіздіктер, аудандағы мектептер ахуалы туралы «Автобуста өтіп жатқан оқушылық ғұмыр» тақырыбында жазған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы наурыздың 6-сындағы санында жарық көрген болатын.

Енді Мұнайлы ауданындағы мектепке қатысты мұң біраз сейіледі деуге болады. 2011-2012 жылдары тек жаңа бір мектепке ғана қол жеткізген ауданда биыл төрт мектеп есік ашқалы тұр. Оның үшеуі жаңадан ашылса, біреуі ескі мектеп ғимаратын сыйымдылығы жағынан едәуір үлкендікке ие жаңамен ауыстыру арқылы жүзеге аспақ.
Жер қойнауын пайдаланушылар есебінен Маңғыстау-4 тұрғын үй массивінде 1200 орындық, республикалық және жергілікті бюджет қаржысына Маңғыстау-5 массиві мен Баянды, Басқұдық селоларында әрқайсысы 960 орындық мектептер биылғы оқу жылынан бастап пайдалануға берілмек. Тағы бір жаңалық, төрт мектептің ашылуы аудандағы үш ауысыммен оқыту үрдісін жоятындығы. Ал, тасымал түбегейлі тоқтамағанмен, жартылай еңсерілетіндігі қуантады.
– Маңғыстау-3,4,5 тұрғын үй массивтерінен ауданның өзге мектептеріне, сондай-ақ Басқұдықтан Ақтау қаласының мектептеріне оқушы тасымалдап оқыту тоқтайды. Жаңа оқу жылында тек аудан ішінде және облыс орталығына 3000-ға тарта бала қатынап оқитын болады. Алдымызда жоспарда тұрған өзге де мектеп құрылыстары бар, дейді Мұнайлы аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Г.Мұрадалиева.
Жоспарда тұрған мектептің бірі жыл соңында Батыр селосынан ашылады. Бүгінде 100-ге тарта баласы Ақтау мектептеріне тасылып жүрген ауылда 960 орындық мектеп құрылысы нобайлап қалған. Енді жыл соңынан бастап батырлық осы 100 бала мектептен кеткен есені қайтарғандай боп, қашан ауылға жаңа қоныстанушылар көшіп кеп, бала саны толыққанша 960 орындық мектепті емін-еркін жайламақ. Ал бала саны көп, бірақ мектебі таршылық етіп тұрған Атамекенде 2015 жылы, 960 балаға лайықтап биыл ашылатын мектепте 2300 бала селбесіп оқуға мәжбүр Басқұдықта 2016-2017 жылдары 640 бала үшін мектеп салынады. Демек, Басқұдықтағы қалған мыңға жуық баланың тасымалдан құтылу тағдырын әзірге сол жылдардың арғы жағынан іздеу қажет.
Осылайша, бұл оқу жылы Мұнайлы ауданының тұрғындары үшін «аспаннан мектеп жауған жыл» болды. Тасымалдан ығыр болған балалардың тең жартысы бұл қамыттан құтылғанмен, қалған бөлігіне сол кепешті кие тұруға тура келеді. Бірақ, бір оқу жылында төрт мектептің ашылуы – айтуға тұрарлық жаңалық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.