Хәкім Абайдың 175 және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған мерекелік концертке білім ошағының оқушылары мен ұстаздары бірнеше ай бойы дайындалды. Осынау мәдени шара шымылдығы Құнанбай ауылының көрінісі арқылы ашылды. Данышпан Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» әндері келіндер хоры мен жетінші сынып оқушысы Мәдина Сейфуллинаның орындауында әдемі де әсерлі шықты.
– Біздің оқушылар мен ұстаздар қауымы қандай да болсын ән мерекесіне белсене қатысады. Репертуарымыз әр байқауға лайықталып жасалады. Байқауға тыңғылықты дайындалдық, – дейді №7 мектеп-лицейі директорының орынбасары Азамат Жәркеев.
Байқаудың екінші бөлімінде әскери-патриоттық әндер орындалды. Жоғары сынып оқушылары Дина Қасымова, Айсұлу Қайсынова мен мұғалімдер хоры көрермендер қошеметіне бөленді.