Дауыс беру нәтижесінде Нұрғазы Әбдіқанов, Марғұлан Бектұрғанов және Шолпан Даниярова Жоғарғы сот судьясы қызметіне тағайындалды. Отырысқа қатысқан Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақов «Мемлекет басшысы аталған азаматтарды Жоғарғы сот судьясы қызметіне сайлау туралы ұсынымды енгізді. Таныстырылған бұл адамдардың көп жылдық судьялық еңбек өтілі бар», деді. Сонымен қатар Конституциялық Кеңестің мүшесі Үнзила Шапақтың өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты оны қайта тағайындау үшін кандидатурасы ұсынылып, аталған лауазымға қайта сайланды. Жаңа сайланған судьялар Сенат отырысында салтанатты түрде ант берді. Сонымен қатар сенаторлар Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Бақыт Мелдешевтің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату туралы қаулы қабылдады.
Әрі қарай отырыстың күн тәртібіне сәйкес депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылап, оны бір ауыздан қабылдады. Заң жобасын Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев таныстырды. Министрдің айтуынша, Келісім «Байқоңыр» кешенін газбен қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін айқындауға бағытталған және тұтынушыларды сұйытылған мұнай газынан табиғи газға көшіруді көздейді. «Бүгінде Байқоңыр қаласында 328 көппәтерлі тұрғын үй, 45 жеке тұрғын үй, 5 мектеп, 3 балабақша және көпсалалы аурухана табиғи газға қосылған. Сұйытылған мұнай газының бағасы бір килосына 343 теңге немесе текше метрге шаққанда 714 теңгені құрайды. Ал Байқоңыр қаласы және Қызылорда облысындағы табиғи газдың бөлшек бағасы тұрғындар үшін қосымша құн салығын есептемегенде бір текше метрге 18,6 теңге, заңды тұлғалар және бюджеттік ұйымдар үшін бір текше метрі 18,9 теңге. Осы келісім тұрғындар үшін коммуналдық қызмет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Себебі сұйытылған газға қарағанда, табиғи газдың құны айтарлықтай арзан. Бұдан басқа, Байқоңыр қаласында газды бөлу инфрақұрылымы салыстырмалы түрде жаңа болып есептеледі», деді Энергетика министрі.
Одан кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім ратификацияланды. Құжатты таныстырған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұл заң қабылданғанда қос азаматтық және заңсыз көші-қонға қатысты мәселелерді реттеуге мүмкіндік беретінін айтты. «Статистика бойынша 2019 жылы шекара арқылы 6 млн азамат кірген, оның ішінде 2,5 миллионы Өзбекстан азаматы. 1,5 миллионы транзит арқылы басқа елге кетсе, 1 миллион азамат елімізде тіркелген, оның ішінде 500 мыңнан астамы уақытша жұмыс істеген. Осы келісім арқылы қос азаматтықты жойып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз. Негізі, Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінде заң бойынша қос азаматтық жоқ», деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Сенатор Әбдәлі Нұралиев өз кезегінде сырттан келетін мигранттар арасында құқық қорғау органдарының іздеуінде жүрген әрі еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін азаматтардың болуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Ал Сәрсенбай Еңсегенов екі ел арасындағы келісімнің орыс тілінде жазылатынына қатысты ескерту жасады.
Палата депутаттары «Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Тоғызыншы қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Құжатты таныстырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, заң жобасы пошта қызметінің тиімді жұмыс істеуін және уағдаласушы елдер үкіметтерінің өкілетті өкілдерінің мәдени, әлеуметтік және экономикалық салалардағы халықаралық ынтымақтастық мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесу арқылы елдер арасындағы байланыстың дамуын жақсартады, сондай-ақ сапалы, қолжетімді, әмбебап пошта қызметтерін дамытуды ынталандыруға мүмкіндік береді. «Құжат қаржылық, құқықтық, экологиялық әрі әлеуметтік-экономикалық мәселелерге әкеліп соқпайды, пошта байланысы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қолдау үшін қолайлы жағдайлар жасайды», деді А.Жұмағалиев.
Сенатор Бекмырза Еламанов заң жобасын талқылау барысында ауылдық елді мекендерді пошта қызметімен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды. Ол поштаның ауыл тұрғындарына қаржылық және банктік қызмет көрсететінін, зейнетақы мен жәрдемақыны алып, коммуналдық қызмет ақысын төлеу де пошта арқылы жүзеге асатынын ескеру керегін еске салды. Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед бүгінде газеттердің тиражы азайып бара жатқанын айта келе, оны сақтау мақсатында қазақ тіліндегі басылымдарды ауыл-аймаққа жеткізудің бағасын төмендету керегін айтты. Бұл тұрғыда «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов газет-журнал тасымалының тариф бағасын төмендету үшін мемлекет тарапынан субсидия қажет екенін жеткізді.
Депутаттар 2006 жылғы 6 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Табыс пен мүлікке салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция және оған Хаттама шеңберінде Қазақстан Республикасының және Армения Республикасының уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялады.
Сенат отырысы барысында бірнеше депутаттық сауал жолданды. Олардың қатарында қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігі, жергілікті полиция қызметі, білім және басқа да салаларға қатысты мәселелер қозғалды.