Сұхбат • 13 Наурыз, 2020

Әбдеш Төлеубаев: «Ұлы дала – «алтын адамдар» мекені

144 рет көрсетілді

Үшінші «Алтын адамды» тауып, әлемдік археологияға сен­сациялық жаңалық әкелген профессор Әбдеш Төлеубаевпен әңгімелесіп, еліміздің шығыс өңірінен бастап ұлы дала төсіндегі бай тарихқа барынша саяхат жасағандай күй кештік.

– Әбдеш Төлеубайұлы, 1972 жылы Қазақ Ұлттық универ­си­тетінде «Археология және эт­­но­­графия» деген кафедра ашыл­­­ды. Сіздер алғашқы тү­легі екенсіздер. Ел арасында атал­­­ған кафедраның ашылуына «Абай жо­лындағы» атақ­ты Ораз­байдың немересі – Әбді­манап Ме­деуұлы Оразбаев мұ­рын­­­дық болды деген сөз бар. Со­ны тарқатып айтыңызшы...

– Әбекең археолог мамандығын Ленинградтан бітіріп келген жан­дардың бірі болды. Әлбетте кейін бұл салада отандық археологияға олжа салып, сол соқпақпен арамыздан талай мықты азаматтар шықты. Студент кезімнен бас­тап Әбдіманап Медеуұлының жа­нында төрт жыл экспедицияда болдым. Үнемі қасынан тастамайтын. Ол кісінің басқа археологтерден бір ерекшелігі – қазбаның басында көп отырмайтын, жер-жерді аралап, жаңа ескерткіштер іздеп, этнографияны, ел арасын­дағы фольклорлық материалдарды ыждағаттап, ерінбей-жа­лық­пай жинайтын. Әбдіманап Медеуұлы өзінің елу жылға жуық ғылыми шығармашылығында Қазақстанның Орталық, Солтүс­тік, Шығыс және Оңтүстік өңірле­рінде қола дәуірінің көптеген қо­­рымы мен ірі жеті қонысында зерт­теу жұмыстарын жүргізді. Ғы­лыми зерттеулерінің басым бөлігі қола дәуіріне арналған ға­лымның өмірдегі мақсаты да, бақыты да тарихтың осы кезеңдерімен ті­келей байланысты болды. Бұл да ғалымның басты мұраты саналатын жетіс­тігі, өз мамандығына деген шын сүйіспеншілігі болса керек.

– Өміріңіздің аттай 48 жылы далалық экспедицияда өтіпті...

– Соның 17 жылы этногра­фия­лық экспедициялар, қалғандары жалпы археологиялық экспеди­ция­лар болғанымен, елдің ішін­деміз ғой, сол Әбекеңнің үлгісі, қай елге барсам да этнографиялық материалдарды жинап жүремін. Этнография дегеніміз – халықтың жады. Қазақстанда араламаған облысым, ауданым, әй жоқ шы­ғар. Көбінесе Солтүстік, Батыс, Шы­ғыс, сонан соң Жамбыл об­­лысына ат ізін көп салдым. Шым­кент өңірін аздау арала­ған болуым мүмкін, алайда Қызылорданың қырат-қыратын қалдырған емес­пін. Жалпы, этнографиялық, фоль­клорлық экспедициялар болып бө­лінгенімен, екеуінің де илейтіні бір терінің пұшпағы. Жер жердегі ақсақалдармен, шежі­решілермен, бақсы-балгерлермен, жалпы халық мұрасын көп бі­летін адамдармен әңгімелесіп, кейбірімен таңды таңға ұрып сөйлессең де әңгіменің түбіне жете алмай, тіпті жандарында бірнеше күн қонып қалатын кездер көп болған. Солардан алған материалдарымды кітап қылып қаттадым, әрқайсысына сілтеме жасадым. Ғылым деген осы болса керек.

– Этнографиялық экспеди­ция­­­лардың археологиялық экс­­педициялардан қандай өз­ге­шілігі бар?

– Ұлттың дүниежүзілік қо­ғамдастықтағы, жалпы өрке­ниет­тегі орнын анықтау үшін алдымен оның ұлы дала төсіндегі жеткен жетістіктерін саралау, ба­ға­лау қажет. Мәселен, Алтын адамды алайық. Еуразияның бір­неше жерінде: Тыва же­рін­дегі Аржанда, Қара теңіз, Ду­най, Днепр бойындағы сақ-скиф ес­керткіштерінен алтын әше­кейлер табылды. Бірақ оларды толыққанды Алтын адам деп айта алмаймыз. Себебі табылған алтындар киімді қамти алмайды. Ал 1969 жылы Есік қаласының жанынан шыққан Алтын адамның жөні бөлек. Біздің ұстазымыз, қазақ археологиясының ақсақалы марқұм Кемел Ақышев пен Бекен Нұрмағамбетов ағаларымыз оны тауып қана қоймай, бүкіл сән-салтанатын қалпына келтірді. Ол қазақ мемлекетінің мәдени же­тістіктерінің шыңы болды жә­не ұлттық брендімізге айналды. Содан кейін 1999 жылы Батыс Қазақстандағы Аралтөбеден та­был­ған алтын адам бар. Егер Есік Алтын адамы б.з.д. V-IV ға­сырлар аралығына жатса, Аралтөбеден табылғаны б.з.д. І ғасыр мен б.з.д. І ғасырдың ара­сына тән болып келеді. Ал үшін­ші Алтын адамды біз 2003 жылы Зайсан ауданы Шілікті жазығындағы сақ патшалары обаларының бірінен таптық. Кейін Шығыс Қазақстандағы Үр­жар ауданынан, Қарқаралы же­ріндегі Талдыдан, батыстағы Тақ­сайдан да табылды.

– Дегенмен, осындай жә­ді­герлерді табу бар да, соны қал­пына келтіріп, зерттеп, ғы­лыми талдау жасау бар.

– Мен Шілікті Алтын адамын 10 жылдай зерттеп, киім тарихымен айналысатын технолог, дизайнер, сонымен бірге археолог, этнологтермен ақылдаса отырып, қалпына келтірдім. Бізге оның тек 4303 дана алтыны мен сүйегі ғана жетті. Бүкіл текстиль, мата шіріп, жойылып кеткен. Одан қала берді, қабір бір кездері тоналғандықтан, алтын әшекейлер топырақтың әр деңгейінде шашылып жатты. Сақ-скиф киімі жөніндегі деректер Геродоттың еңбегінде, Парсы жеріндегі жартастарға қашап са­лынған Персополь суреттерінде, Әмудария көмбесіндегі қаңылтыр плас­тинадағы сақтардың суре­тінде кездеседі. Біз соларға сү­йен­­дік. Бір жерге шатырыңды тігіп тастап, 20 шақты адаммен, өзіңмен өзің, қозғалмай тұратын археологиялық экспедицияларға қа­рағанда, эт­нографиялық экспе­дициялардың қызығы мол. Ол жылжымалы. Ел аралайсың. Көп­ті көресің, көптеген мұра­ табасың, бір жерден екін­ші бір мекенге үздіксіз ауысып отырасың. Түрлі оқиғаларға тап боласың. Түрлі тағдырларды кезіктіресің. 1983 жылы Бейнеуде Бекет атаның мешітіндегі шырақ­шымен әңгімелестім. Ол кі­сі­мен ұзақ сөйлесіп, ақыры кетпей қонып қалдым. Қарт адам бәйбішесімен сонда тұрады екен. Содан түннің бір уағында дәл жанымдағы үңгірден (бөл­меден) қасқырдың ұлығаны, шынжырдың шылдырлағаны естілді. Ертесінде ақсақалдан со­­ны сұрасам, ол мені әлгі дауыс шыққан жерге ертіп барды. Қа­ра­сам, ішінде бір қолы, бір аяғы шынжырланған еңгезердей бір жігіт отыр. Сөйтсем ол шы­рақ­шының жалғыз ұлы екен. Босатсам бәрін шағады дейді. Жынданып кетіпті, ақсақал соған медет ті­леп, дүниеден баз кешіп, осында шырақшы болып жүрген жайын баяндады. Адам айтса нанғысыз бұндай оқиғалар ел ішінде әлбетте көп. Оны зерттеу, зерделеу өте күрделі де кешенді ғылымды талап етеді. Тарих пен тылсымды қатар зерттеу – бір жағы қызық, бір жағы қиын.

– Кандидаттықты Мәс­кеу­де, ал докторлықты Қазақ­стан­­­да қорғапсыз. Мәскеудегі Миклухо-Маклай атындағы ан­тропология институтының Ор­талық Азияны, оның дәстү­рін зерттейтін тарихи мектеп­тер­дің ғалымдарымен сый­лас­ты­ғы­ңыз­­дың керемет еке­нін бі­леміз. Мәс­к­еу мектебі ұста­ны­мыңызға қ­алай әсер етті?

– Мен кейінгі ғылыми-оқы­тушылық, кафедра басқарушы қызметтерді атқарған кезімде солар­дың үлгісін, ең басты талабын қолдануға тырыстым. Олар­дың талабы: сізге дейін осы тақырыпты кім зерттеді, сол ға­лымдардың бүкіл жетістігін, ең­бектерін жақсы білуге тиіссіз және өз еңбегіңізде соларды то­лық көрсетуіңіз керек. Бұл ғы­лым­дағы этика! Екінші, Әлкей Хақанұлы, Халел Арғынбаев, Марат Сәбитұлы Мұқанов сынды мықты этнограф ғалымдардың ұлттық мәдениетке деген зор махаббатын шәкірттеріме ерекше мақтанышпен айтып жүруге тиіспін. Мысалы, Әлекеңнің же­ріне жеткізіп айтатын мол бі­лімін мақтан тұтуымыз керек. Ол кісі кірмеген архив жоқ та шығар, археологиялық-этногра­фиялық қор­лардың қайсысын қа­расаңыз да міндетті түрде Әле­кеңнің қолы тұрғанын кө­ресіз. Өйткені сізден бұрын ал­ған адамның қашан қарап, пайдаланғаны туралы мәлімет жазылып тұрады. Тіпті, ол кісінің кереметтігі – Ленинградтың пәлен мұрағатының, пәлен бөлімінде, пәлен деген бумада деп тұрып мәліметті жатқа айтады. Біз көр­ген мектеп осындай!

– Сіз археология мен этно­гра­фияны тел алып жүрсіз. Қай­­­сысына басымдық берер еді­­ңіз?

– Қиын сұрақ, иә, ескерткіштер бұған дейін мың жыл тұрған, ол тағы да мың жылдап тұра бе­руі мүмкін. Ал этнография олай емес, қайталап айтайық, ол – ха­лық­тың жады. Ұрпақ алмасады, демек архаика азая береді. Ес­керткіштер де екіге бөлінеді: қоз­­ға­латын және қозғалмайтын. Бір кезде ақша қозғалмайтын ес­керткіштерге ғана жататын. Ол кезде ескерткіштерді қорғау қо­ғамының төрағасы Әнуар аға Әлімжанов еді. Сол кісіге бардым. Орынбордағы қазақтардың арасынан этнографиялық материал­дар жинау керектігін айттым. Халық арасынан қазына іздеу  – қозғалатын ескерткіштерді екшеу, яғни халық ауыз әдебиетінен бастап есте жоқ ескі әңгімелерді тарих таспасына түсіру. Ақыры 1983 жылы 20-дай студентпен Орынборға бардым. Үш ауданын аралап, онда 120 мыңдай қазақ тұратынын білдік. Өкінішке қарай тұрғындар «Сәулем, сәу­лем, сәулемсіңнен» басқа қа­зақтың кейінгі өлеңдерінің бірін де білмейтін болып шықты. Сөйт­сек оларға бізден ешбір га­зет-жур­нал бармайды екен. Ақ­төбедегі Қарабұтақ ауданынан бір транслятор қойса, радио да, бәрі барар еді, соны жасамағанбыз... Алайда тарихи бір ерекшелік, заңдылық та болуы керек, мәдениеттің өзін-өзі сақтауының ішкі құпиясы ма, сондай ортада керемет архаи­калық дүниелер бәрібір сақ­та­лып қалады. Кейде ойлаймын, осы күнгі ұрпақтың аузынан да, тұрмысынан да жазып алып қа­ла­тын дүниелер көп. Айталық, анау Тибет қыратындағы Ақсай қаз­ақтарының жайы мен ондағы мұражайды және Қытайдағы музейлерді көргенде, осындай ойға келдім. Мен сол жерден біраз дүниені қолға түсірдім, бұл Шіліктіден тапқан ол­жамнан еш кем емес еді...

– Археологияға шындап ден қойған кезіңіз 1988 жылдан бергі уақыт екен.

– Негізінен Шығыс аймақты зерттедім. Аспирант кезімнен бас­тап аталған өңірді көп араладым. 2003 жылы үшінші Шілікті Алтын адамын ашуыма осы сапарлар алғаш жол салды деуіме болады.

Ақсуат пен Шіліктінің арасы тура жүрген адамға 150 ша­қырым. Кішкене күнімде әке­ме ілесіп, Шіліктіге бардым. Сонда тау-тау обаларды көргенмін. Жыпырлаған көп оба... Кейін осы жерге қазба жұ­мысын жүр­гіздім. Шіліктіні қазу үшін көп қаржы, техника керек. Біздің институттың азғантай қаржысы оны көтере алмайды. Содан бір­неше жыл жоба ұсынып, оны иге­ретін қаржыны жеңіп ала алмай жүрдік. 2002 жылы жүректен қатты сырқаттанып, бір жарым ай төсек тартып жаттым. Тіпті мамыр айына дейін солай қайта-қайта жансақтау бөліміне түсе бердім. Бірақ оған да үйренеді екенсің... Түнде қасыңда біреу жатады, таңертең бетін жауып алып кетеді. «Алла, алла!» деп аман қалдық... Бір күні Ші­ліктіге ар­налған жобамды ма­құлдаған «Қазмұнайгаздың» қағазы университетке келді деген сүйінші хабар жетті. Бес миллион теңге береміз деген қолдау хат қуанышымызды еселей берді. Ол кезде бұл қомақты қаржы.

Қазба жұмыстарын сол жылы дереу бастап кеттік. Мен таяқпен жүремін. Ауданның белді деген адамдары күтіп алды, өзара ақыл­дастық. Бір-бірімізді қолдап, көмектесетін болып уағдаластық.

Ал Шіліктінің өзі оңтүстіктен солтүстікке 6-7 шақырым, ені 1 шақырым, ал ұзындығы 6 шақы­рымдай аумақта 200-дей оба бар. Соның 40 шақтысы ірі обалар. Менің «Бәйгетөбе» деген обаға ерекше көңілім түсті. Әркім әр түрлі ойларын айтты, бірақ мен осы обаға тоқтадым. Қазу процесі ұзақ әрі тиянақты жүргізілді. Әр жарты метр сайын топырақтың түсін мұқият қарап отырдық. Сөйтіп 1 жарым айда тас обаға жеттік. Тас обаның биіктігі 5 метр 50 сантиметр болды, ал жал­пы обаның биіктігі – 8 метр. Самырсын ағашынан салынған қабыр­ғаларға жеттік. 7 қабат бө­рене қабырға. Жуандығына құшақ әрең жетеді. Ұзындығы – 15 метр. Обаның шығыс жақ беті қиық пирамида сияқты болып кел­тірілген. Алдындағы дәлізбен патшаның қабірханасына барады. Қабірхананың батыс жағын қиып алып, кішкене сыпыртқылармен, қалақшалармен тазалап отырып, 1 ай 20 күнде еденіне жет­тік. Ауданы – 17 шаршы метр. Ішін толық зерттеп біткен кез­дегі та­былған қазбаларға таңыр­қайсыз, ғажап еді дейсіз.

Мұнда да тонаушылардың ізі жатыр. Әйтсе де одан 4303 дана алтын шықты. Табылған әше­кейлердің бәрі не сырға, не сақина емес, түгелі киімге таға­тын түймелігі бар құйма алтындар. Осылардың технологиясын зерттеген маман ғалымдар бұл дүниелерге қатты таңғалды. Кө­лемдері тарыдай ғана түймелер. Ең қызығы, мамандардың айтуынша, алтын дәнекерлейтін аспаптар бұл түймелерден кейін шыққан делінеді және алтынды алтынға дәнекерлеу үшін оның еру температурасы төмен болуы керек. Оған мыс қосу қажет. Сон­да 650Со-та алтын ериді. Ал та­былған түймелердің дәнекері – 930-960-шы сынама. Мұның еру температурасы – 1100Со. Оны дәнекерлеу үшін иненің ұшын­дай ғана қыздырғыш керек. 1100Со жылуды қазіргі жетілген технологияның өзімен шығару мүм­кін емес. Мені қуантқан жайт осы болды.

– Қазба кезінде табылған Бесжұлдыз нені білдіреді?

– Бесжұлдыз – ең көне символ, сақ дәуірінен де бұрын болған. Бесжұлдыздың түпкі семантикасы, ішкі мәні екі қолын екі жаққа жайып жіберіп талтайы­п тұрған адамның бейнесінен ке­ліп шығады. Мұны ғылымда «символ всемогущего человека» дейді. Адамның керемет қасиетін, артықша қабілетін білдіретін белгі. Бұл он сегіз мың ғаламды жарат­қан құдайдың бір мақұлығы, табиғат әлемді билеуші деген мағынаны да білдіреді. Тіпті осы ой Құранда да бар. Жалпы адамзатқа тән символды кейін массондық ұйымдар, еврейлер өздерінің символы етіп алған. Бертінде пролетарлық дик­татура бесжұлдызды басқа таптарға үс­темдік деп те белгіледі. Бұл негізі бір өзі жеке тақырып деу­ге болады.

– Енді әшекей бұйымдар жайлы кеңірек айтып өтсеңіз. Қазба жұмыстары кезінде екі таутекенің тұмсығы түйісіп тұрған мүсіндер жиі кездеседі. Қырынан қарасаңыз – қалқып келе жатқан құс. Демек, бір фор­маға үш түрлі мағына беруі сақтардың аң стиліндегі ең көне заманына тән дүние ме?

– Қазақстан жеріндегі сақтар­дың ең көне ескерткіші ба­сы қасқырдікі, денесі аюдікі сияқ­ты алтын бұйым, ол да сақ­тар­дың синтездік өнеріне жатады. Бұлардың көбі құйма алтын. Шілікті «Алтын адамының» (киі­мінің) 80 пайызы құйма алтын. Салыстырмалы түрде біздің брендімізге айналған Есік алты­нының көпшілігі қаңылтыр. Бедерлеп салған. Фольгадан сәл ғана қалың. Ал құйма алтынның технологиясы әлдеқайда күрделі. Және жоғарыдағы аталған үлгі­лерден бөлек Алтын арқар әше­кейі табылды. Ол да құйма алтын. Жалпы, табылған алтын 1 килоға жақындады. Ғалымдар мұн­дай әшекейленген алтындар (көзіне бирюза қондырылған) б.з.д. VІ ғасырдан арыға бармайды дейді. Ал мынау VIII ғасырға жататындығы және сол кездің өзінде бізде бирюзаның кеніші болғаны анықталды. Біз оған дейін асыл тастарды Үндістаннан, Пәкістаннан әкелді деп келген болатынбыз. Сол сияқты екі бұғының мүйіздесіп тұрғаны, ол өмір бәйтерегі, өсіп-өнуді біл­­діреді, оның семантикасы қы­зық, бұл енді ұзақ әңгіме. Бес­жұлдыз жайлы жоғарыда ай­тып кеттік. Мен бұны алғаш көр­ген­де қазба орындарында совет офи­церлерінің гимнастеркаларынан түсіп қалған әшекей болуы керек деп те ойладым. Өйткені алғашқы кезде олар осындай ескерткіштерді көп тонаған. Алып қарасам, құйма алтын, артында түймелігі бар. Көне мысырлықтар мен вавилондықтарда екі аяғын талтайтып, екі қолын екі жаққа керіп, басын тік ұстап тұрған адам – оның маңайына деген билігін, құзыретін білдіреді. Ең бастысы, бесжұлдыз белгісі патша киі­мінің көрнекті жерінде тұр­ған, демек қабірханадан табыл­ған адамды біз патша деп таны­дық. Алғашында көбісі бұл тұ­жырымымызды мойындағысы келген жоқ, өзім сыйлайтын Карл Байпақов аға­мыз да бұл тұжырымыма кү­мәнмен қарағанын жасырмаймын. Бірақ кейін өзі мақала жазып, мойындады. Айтайын дегенім, массондықтар мен коммунистік жүйе осы бесжұлдызды пайда­ланған, ал арғы түбі қайда жатқа­нын біздің қазба көрсетіп тұр, осыдан 2800 жыл бұрын сақтар қолданған ерекше белгі біздің тарихтың тым тереңде екенін анық аңғартқандай.

– Өлім алдындағы айқасқан грифон, құстың аяғына оралып жатқан жылан сюжеті, бұл жер мен көк күресі деп т­үсінеміз. Одан бөлек қазба жұ­мысы кезінде қоңыраушалар таң­басы да табылыпты. Осылар туралы айтып берсеңіз?

– Түркі дәуірінен, қола дәу­рінен бізге жеткен мерзімдеуші құрал – қос қырлы жебенің ұшы. Оның салмағы әр кезде өзгеріп отырған. Шіліктіден атал­ған жебе де табылды. Бұл ес­керт­кіштің көнелігін көрсетеді. Біздің алдымызда Черниковтың қазбасынан осындай 7-8 жебе ұшы шыққан. Ол кісі бұның бәрін Алғазияға, алғазия мәдениеттеріне жатқызды, теліді... Шіліктіден тақ­тайшаға бұғының суреті са­лын­ған бұйым да шықты. Сақ-скиф мәдениетіндегі алғаш бояуы бар ескерткіш. Жалпы, Шіліктінің Алтын адамын қалпына келтіру өте күрделі болды. Оны 2009 жы­лы бір-ақ қалпына келтірдік. Өйткені бізге жеткені тек алтын, оның өзі әр жерде шашылып жатты. Оны жинақтауда Түркілердің, Орталық Азия, Сібір, көне Орта ға­сыр, сақ-скиф киімдері туралы ең­бектер маған көп көмектесті. Мен оған бешпент кигіздім. Бұл сақтарға тән сыртқы киімнің бірі. Сақтар киімдерінің түсі көбінесе қызыл-күрең түс. Содан соң шапан жаптым. Министрлер шапанды қабылдамай қойды. Ше­шіп таста, Есіктің алтын адамымен бірдей болу керек деп қоймады. Мен Есіктің Алтын адамы ол жас бала, ал мынау патша деп шыр-шыр етемін. Және, бір нәрсені айтуымы­з керек, Есіктің Алтын адамы орталық қабірден шық­қан жоқ, ол толық тоналған. Ол шеткі қабірден еш тоналмай шыққан жас ханзада. Шапан кию жасына жеткен жоқ. Ал мен шапанды ойлап тапқаным жоқ, ар жағында «Қатынды» деген жерден тоң басқан обада киімнің текс­тилі сақталып қалған. Сол ки­ім үлгісі Шіліктіден шыққан. Ас­­тарлы, жібектен жасалған шапан.

Ал бет пішінін Мәскеудегі Герасимов лабораториясына жі­бер­дік. Патшаның бүкіл сүйегі түгел шықты. Олардың жіберген гипс-нұсқасы маған ұнаған жоқ. Алтын адамды европеоид қылып жіберген. Сенімді адамдарымды жіберіп, тексерсем, мүлде кел­­мейді. Сөйтіп оның нағыз бет пішінін қайта жасадық. Бұл евро­пеоид, бірақ көне европеои­д. Оның құрамында 30-40 пайыз монголоидтік пішін де бар. Ал бас киімі кәдімгі Есіктен шыққан Алтын адамның, тигрохауд сақтарының шошақ бөрігі. Бұл – тымақтың прототипі. Біз ата-бабадан келе жатқан дүниені сақтаған екенбіз. Бесжұлдыз тура маңдайында тұр. Кейбір жолдас­тар сен оны қызылармияшылар қылып жібердің ғой деп күлді. Бойы – 179-182 сантиметрдің арасы, зерттеген антропологтер оның ет пен сүтпен тамақтанған және солақай адам екенін анықтады. Жамбас сүйектің белгілеріне қара­ғанда, ат үстінде көп жүрген адам екені және анықталды. Жасы 37-42-нің арасы деп топшыланды. Нағыз ел басқаратын кезі және сол жаугершілік замандағы олардың өмір сүру ықтималдығына сәйкес келіп тұр.

– «Қара археологтер» әлі де бар. Бұл – біздің ұлтымыздың, мәдениетіміздің трагедиясы.

– Жалпы, «қара археологтер» әлі де бар, былтыр Елеке сазын қазғанда, Зейнолла Самашев бір Алтын киімді адам тапты. Қыстай сол жерде облыс әкімі қарауыл қойса да бәрібір екі обаны қазып, алтынын алып кетіпті. Ондай жағ­дай Қазақстанда көп, бұл – біздің еліміздегі басты трагедиялардың бірі. Тарихқа зиян, қып-қызыл қиянат. Заңға өзгеріс енгізу керек, үлкен айыппұл салса, тоқ­тар еді деп ойлаймын. Бірақ қалай екені белгісіз, осы ұсыныс қабыл­данбайды, 3-5 миллионға дейін айып салу, соттау туралы Заң жобасын ұсынғанбыз. Бірақ сонымызға селт еткен тірі жан көргеніміз жоқ.

Біздің Зекең (Самашев) екеуі­­міздің ерекшелігіміз, қаз­ба жұ­мыстарын жүргізгенде табылған дүниелерді зерттеу үшін арнайы түрлі сала мамандарын ат­тай қалап, шақырып аламыз. Олар­дың да көзқарасы керек. Па­леоботаник, палеозолог деген ма­мандар бар, соларға материалдарымызды бе­ре­міз. Қазір жан-жақты қарастырмасаң, бұрынғыдай таза тарихи, этно­гра­фиялық пайым жеткіліксіз.

Ең басты айтарым, біз Сақ, Үйсін мәдениетін шатастырмауы­мыз керек. Екеуі жеке-дара екі үлкен мәдениет. Жинақтап кел­сем, Шілікті туралы 600 бетке жу­ық ғылыми еңбек жаздым, демек айтар нәрсе көп. Кейбір айтылмай қалған ақпараттар болса, сол кітапта және осыған дейінгі жазған ғылыми мақалаларым мен еңбектерім де бар, сондықтан ұзақ әңгімені осылай қысқа қайыруға тура келіп тұр.

 

 Әңгімелескен

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Түркістан жасыл қалаға айналуда

Оңтүстік Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар