Дегенмен, азайды деп арқаны кеңге салуға болмайды. Ауылдық жерлерде өрістегі малды оңай олжа санап, айдап кететіндер әлі де көп. Былтыр ұрлық Арал ауданында 2,8%, Қармақшыда 9,1%, Жаңақорғанда 38,6 пайызға өскен.
Жуырда бұл мәселе облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қаралды.
Былтыр облыста біреудің ақ адал малын ұрлап, арам жолмен пайда тауып жүрген 28 қылмыстық топ ұсталды. Бел ауыртып бейнеттенбей-ақ ақшаға қарық болған олардың 73 эпизодты құрайтын қылмысқа қатысы барлығы анықталды.
Комиссия отырысында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Шалқаров қылмыстың негізгі себептеріне тоқталды. Әрине ұрлықты болдырмау, болған жағдайда қылмысты ашып, кінәліні анықтау – полицияның міндеті. Бірақ тұрғындардың салғырттығы ұрлыққа себеп, малға шығын болып отыр.
– Былтыр 402 ұрлық тіркелсе, соның 117-сінде малды қорадан алып кеткен. Ал 285 дерек немесе 70 пайызы малдың өрісте қараусыз жайылуынан болып отыр. Осыған дейінгі комиссия отырыстарында әр ауылда міндетті түрде бақташы белгілеуді ұсынған едік, бірақ аудан, ауыл әкімдері оны қолға алуға асығар емес. Тағы да айтамыз, бұған жұмыссыз азаматтарды тартуға болады. Сонда ұрлық та азаяды, жұмыссыздық көрсеткіші де төмендейді, – дейді Серік Хасенұлы.
Ол облыс көлеміндегі 144 ауылдық округтің 35-і ғана бақташы ұстап отырғанын айтып өтті. Қызылорда қаласы, Қармақшы, Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы ауылдарда ішінара болса да өрістегі малды қадағалау бар. Ал Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарында бұған мүлде көңіл бөлінбейді. «Айдай салдан аз өлді, көре салдан көп өлді» дейтін қамсыздықтан тыйылмасақ, ұрлыққа тоқтам болуы екіталай.
Құқық қорғаушылар мал ұрлығының алдын алу үшін ауылдық округ әкімдерінің жауапкершілігін көтеріп, әкімдіктің бір қызметкеріне бақташылар жұмысын ұйымдастыру функциясын жүктеуді ұсынып отыр. Тіпті тұрғындар арасынан ерікті түрде полицияға көмектесетін «Сақшы-Сарбаз» сияқты құрылым жасақтау да артық етпес еді.
Айтпақшы, малын алдырғандардың полицияға кеш хабар беруі де қылмыстың дер кезінде ашылуын қиындатады. Полицейлер былтырғы 402 деректің 178-ін тәулік ішінде хабардар етсе, 96 ұрлыққа байланысты 10 күн ішінде арыз жазылған. 60 ұрлық жайлы бір айдан кейін хабарлапты. Арада 4-5, тіпті 7 жыл өткеннен кейін де іздеу салғандар бар екен.
Көп жағдайда ұсталған қылмыскерлер тергеу және сот процесі барысында жәбірленушіге мал құнын өтеп, қылмыстық жауапкершіліктен босатылып кетеді. Былтыр осындай себеппен 51 қылмыстық іс өндірістен тоқтатылған.
Ұрланды деген малы ауыл іргесіндегі өрістен табылып жатқан жағдайлар да бар. Өткен жылы осындай 131 қылмыстық іс тоқтатылды. Әрине ең алдымен мал-жанның амандығы қымбат. Бірақ оны іздеуге көлікпен шыққан жеке құрамның еңбегі зая кетеді. Бағып отырған түлігінің қайда жүргенін білмейтін тұрғындар кесірінен мемлекет қаржысы да шығын болып отыр.
Комиссия отырысында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өңірде мал союға арналған 38 пункт бар екенін, бірақ малды үйден сойып, етін базарға шығаратындардың азаймай отырғанын айтты.
– Ұрлықы мал да осылай етке айналып кетіп отырғанына ешкім кепілдік бере алмайды. Оның үстіне мұндай орындар өз қызметін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамай, кәсіпкерлік субъекті ретінде тіркелмей атқаруда. Сондықтан Мемлекет басшысының мал ұрлығының қылмыстық жауапкершілігін күшейту, оның алдын алу және профилактикалық жұмыстарды кешенді түрде жүргізу жөніндегі тапсырмасын орындауымыз үшін жоспар қажет, – деді өңір басшысы.
Отырыста облыс әкімі ұрлықты болдырмау үшін рейдтік жұмыстарды жиілету, қылмыс көп болатын аумақтарда полиция бекеттерін орнату жолдарын қарастыру, мүдделі органдармен бірлесіп, ет өнімдерін сату, сатып алумен және өңдеумен айналысатын орындарды заңнамаларға сәйкес ретке келтіру бойынша ұсыныстар беруді тапсырды.
Қызылорда облысы