Аймақтар • 13 Наурыз, 2020

Ана бақыты

508 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күміс алқа иегері Құралай Ғабдұлқамарқызы – мынау жарық дүниедегі пенденің пешенесіне жазылар бақытын тапқан адам. Көңілінің терең бір түкпірінде адамдарға алқаусыз жақсылық жасасам, кішкентай ғана қарекетіммен көңілдерін жаз гүліндей жайнатып, нұр шуағын себезгілесем деген мұраты толайым орындалып келеді. Оқырманға түсінікті болу үшін ол қандай мақсат екенін де айта кетелік.

Ана бақыты

Құралай Ғабдұлқамарқызы бала асырап алған отбасыларды қолдау орталығында еңбек етті. Жұмыс бабымен балалар үйіне жиі барып тұратын. Барған сайын көңілі құлазып қайтады. Жүздері әп-әдемі, қылықтары тәп-тәтті кішкентай сәбилерді көрген сайын ет жүрегі бүлк ете қалатын. Тағдырдың тәлкегімен балалар үйінен пана тапқан әлгі сәбилердің уылжыған күлкісі көпке дейін көз алдында тұратын. Жаратқан ием-ау, мынандай періштелерді қалай тастап кетті екен деп ойлаушы еді. Сәбилердің көпшілігі тастанды. Сәбилер ғана емес, ересектері де бар.

– Бала, шіркін, бойыңдағы жылылықты сезіп тұрады ғой. Барған сайын қаздың балапандары сияқты менің жаныма айналып-үйіріліп келе беретін. Ес біліп қалғандарымен емен-жарқын сөйлесіп, сырласамын. Олар да маған риясыз көңілмен жан-дүниесінің терең бір түкпіріндегі жан сырларын ақтарып салатын, – дейді Құралай Ғабдұлқамарқызы, – әсіресе, Татьяна есімді қызды ұнатып қалдым. Бір қарағанда, өте ұқыпты бала. Болашақ туралы ой толғағанда, оқығысы ке­ле­тінін, білім алғысы келе­ті­нін айтушы еді. Қол байлау інісі. Ол да осы балалар үйінде тәрбие­леніп жатыр екен. Тастап кеткісі келмейді.

Тастанды балалар өздерінің ата-аналары туралы жиі айта­тын. Қайырылмай кетсе де, ілти­патын танытатын. Бақпаса да, баға­лап тұратын. Тіпті кез­дес­­кі­лері де келеді. Тағ­дыр ондай сәт­­ті бұйыртса, ата-ана­ла­ры­ның қылмысқа пара-пар келеңсіздіктерін беттеріне бас­пақ емес. Бәрін де түсінеді. Мұ­ның барлығы тағдырдың жазуы деп ұғады. Ал ата-аналары бол­са, бауыр еті балаларын тас­тап кет­кен себептері тұр­мыс­тың қиын­дығынан деседі.

Шын мәнінде Құралай­дың пайымдауынша, әкелік, ана­лық сезімнің жоқтығынан, әйтпесе, он екі мүшесі сау, аяқ-қолы балғадай адамдар өзі өмірге әкелген сәбилерін асырай алмаушы ма еді. Көңіл­де­рі­не тіршіліктің мұзы қатқан әлгі балалардың сәл салқын тартқан жүрегін аналық абзал пейілмен, ақ махаббатпен жібітуді ұйғарған Құралай жол­дасы Рашид екеуі 2017 жылы Сандықтаудағы балалар үйі­нен 10-15 жас аралығындағы Виктория, Татьяна, Альбина, Максим және Андрей есімді бес баланы асырап алды. Шаңырақ шаттыққа толды, қуаныш еселеп көбейді. Мақсатына жеткен Құралайдың қуанышында шек жоқ еді. Осы бір сәт шынымен Рашидтың шаңырағында ақ түйенің қарны жарылған күн болды.

Жаңа шаңырақтағы тұр­мыс­тары жайлы, не ішемін, не киемін демейді. Төрт құбы­ла­ла­ры теңелген тәрізді. Бақ құсы маңдайға енді қонды дегенде, орны толмас оқыс оқиғаның орын алды. Әкелері Рашид мезгілсіз, қайтпас сапарға аттанды. Сәл жадырап, көктемгі жауқазын гүлдей бүр жарып келе жатқанда, тұла бойларын тітірентер, тоңдырар, жауратар ызғар қайта соқты. Өзінің алты баласы мен Сандықтаудағы балалар үйінен бауырына басқан бес бала – бір қауым жұрт сең соққан балықтай абдырап қалды. Жаратқан ие бір жы­лат­қан пендесін қайта-қайта жылата беруші ме еді, бұлт артынан күн шықпай ма?..

Рашидтың қара шаңырағында қуа­нышты күндер қайта бас­тал­ған. Ұлдары Фархад пен Расул отбасылы болып, бір қы­зын ұзатты. Қалған сегіз бала бір үйдің балаларындай өсіп-өніп келеді. Елдар Шоқан Уәли­ханов атын­дағы Көкшетау мем­ле­кет­тік университетінің ме­ди­цина факультетінде оқи­ды. Ал Альбина жоғары тех­ни­калық колледжде тігін­ші ма­ман­дығын игеруде. Қал­ған­да­ры мектеп оқушылары.

Құралайдың бауырына бас­қан балалары әр ұлттың өкілдері. Мәсе­лен, Максим молдован, Виктория украин, Альбина чешен, Андрей мен Татьяна орыс. Он бір баланың бәрі бір ата-анадан туғандай. Шаңырақтың шаттығын шалқытып тұрған бірлік. Былай қарағанда, әрқай­сы­сы қазақтың киіз үйінің уығы тәрізді. Тіршіліктің жауыны мен дауылында ортақ шаңырақты міз бақпай көтеріп тұр. Үйдегі береке-бірлік ананың махаббатынан, бір-біріне деген сыпайы сый­лас­тық пен қалтқысыз құр­мет­тен туындайды.

Бүгінде Құралай Жұма­бе­­ко­ва «Ана үйі» қоғам­дық қоры дағдарыс орталығының үй­лес­­тірушісі болып еңбек етеді. Көп баланы бауырына басқан тәжі­ри­бесі бар. Өзі жал­ғызбасты болса да, жарым көңіл аналарға қолұшын бермей қалған кезі жоқ. Аналар үйін­де алты жалғызбасты ана, жеті бала тұрып жатыр екен. Қаншама тағдыр?!

Енді бір ауыз сөз кейіпкеріміз хақында. Солтүстік Қазақстан облы­сына қарасты Новоишимка елдімекенінде қайын ағасымен бірге балаларды өнерге баулу мақсатында шығармашылық үйін ашып, еңбек етті. Кейін аудандық мәдениет үйінің директоры болған. Көкшетау қала­сы­на көшіп келгеннен кейін орта мектеп директорының ор­ын­­басары қызметін атқарды. Об­­лыстық білім басқармасында бес жыл қызмет етті. Облыс­та алғаш рет Құралай Ғабдұл­қа­марқызы бала асырап алған отбасыларды қолдау орталығын ұйымдастырып, балалар үйінде тәлім-тәрбие алып жатқан жүз баланы жаңа отбасыларға табыстады. 

Таяуда Құралай Ғаб­дұл­қа­мар­қызы Nur Otan пар­тия­­сының мүше­лігіне қабыл­дан­ды. Қала әкімі Амангелді Смайылов кү­міс алқа тақты. Осы бір жақ­сылық шарапаты жанашыр жан­ның көңіліне қанат бітіріп, ме­рейін өсіріп тастады. Алда қанша ғұмыр бар. Жанашырлық жа­сауға жаны құштар анамыз  әлі де қолынан келгенінше мұқ­таж жандардың мерейін өсіріп, қос қолтықтарынан демеуге әзір.

 

КӨКШЕТАУ