Аймақтар • 13 Наурыз, 2020

Құрақтай бүлдіршіндер құран оқыды

1574 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы іргесіндегі Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылдық мешітінде мектеп оқушылары  арасында «Иманды ұрпақ — ұлт болашағы» атты байқау өтті. Құран сүрелерін жатқа оқыған құрақтай бүлдіршіндер көпшіліктің ризашылығына бөленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Құрақтай бүлдіршіндер құран оқыды

Отыз мыңнан астам тұрғыны бар Тұздыбастау ауылында балаларды білімге баулып, отансүйгіштікке тәрбиелейтін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Солардың бірі ауыл мешіті жанынан ашылған арнайы сауат ашу курсы. Мұнда шәкірттер тіл үйреніп, тегін білім алады. Имандылық дәрістерін бойға сіңірген өрімдей өскіндерді ынталандыру мақсатында өткен шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Болашақ қарилер қасиетті кітаптың 16 сүресін және 20 сүресін жатқа оқитындар болып екі топқа бөлініп, өзара сынға түсті.

– Шәкірттеріміздің беталысы көңіл қуантады. Құран сүрелін жаттап, мағынасына терең бойлаған бала жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ ұстап, тұла бойы ізгілік пен адамгершілікке тұнады. Айналасына қамқорлық көрсетіп, ата-анасына мейірім-шапағатты болып өседі. Бір жағы араб тілін меңгереді. Аталған байқаудың мақсаты – оқушыларымызды  ынталандырып, зейіндерін ашу.  Жарысқа аудан имамы Мұсабек қажы Тағанұлы арнайы келіп, бүлдіршіндерімізге сәт-сапар тіледі. Мұндай игі шара дәстүрге айналса деген тілегіміз бар, – дейді Тұздыбастау мешіті жанындағы сауат ашу үйірмесінің ұстазы Сейдәзім Әбдуалиев.

1

Құран жарысында дара шыққан Нұрболат Әуезхан, Салих Надиров, Исмайл Әшімов, Абдулазиз Әбдіманап, Мейірлан Әбдіманап, Мейірман Оразалы есімді қатысушыларға мешіт қаражаты есебінен велосипед, сомакат сынды бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Небәрі төртінші сыныпта оқитын Нұржақып Нұрдәулетке де ынталандыру сыйлығы табыс етілді. Байқауға көрермен ретінде куә болған ата-аналар мешіт ұжымына өз алғыстарын білдірді.