Аймақтар • 13 Наурыз, 2020

Батыс Қазақстанда тұрғын үй сертификаты үшін 200 млн теңге бөлінді

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында халықтың әл-ауқаты төмен кейбір топтарына тұрғын үй сертификаттарын беру үшін өтініш қабылдау басталды. Яғни көмекке мұқтаж отбасылар тұрғын үй займының алғашқы жарнасы төлеу үшін мемлекеттен 1 млн теңгеге дейін көмек ала алады.

 

Батыс Қазақстанда тұрғын үй сертификаты үшін 200 млн теңге бөлінді

Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаевтың айтуынша, облыс аумағында көпбалалы 7787 отбасы және 18 жасқа дейінгі мүгедек бала тәрбиелеп отырған 2654 отбасы бар. Олар тиісті мемлекеттік жәрдемақыларын алып отыр. Енді жоғарыда аталған категорияға қоса толық емес отбасылар да «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үйдің алғашқы жарнасын төлеу үшін мемлекеттен 1 млн теңгеге дейін қайтарымсыз көмек алып, баспаналы бола алады.

2020 жылы батысқазақстандықтарға тұрғын үй сертификатын беру үшін облыс бюджетінен 200 млн теңге қарастырылған екен.

-Батыс Қазақстан облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несиелік өтінімдерді қабылдау 11 наурыздан басталады. Бірінші жартыжылдықта облыс бойынша 205 отбасыға тұрғын үй сатып алуға несие беруді жоспарлап отырмыз. Займ мөлшерлемесі бұрынғысынша 10%-дық бастапқы жарна мен жылдық 2%-ды құрайды. Биылғы басты өзгеріс – ең жоғары табыс күнкөріс минимумының мөлшеріне сəйкес есептелетін болды. Яғни, жеңілдетілген займ алу үшін əр отбасы мүшесіне келетін табыс мөлшері соңғы алты айда ай сайын екі күнкөріс мимнимумынан, яғни 62366 теңгеден аспауы қажет, - дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Қалишанов.

Тұрғын үй сертификаттарын мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар және толық емес отбасылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарламаның және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария және агроөнеркәсіптік кешен саласында еңбек қызметін жүзеге асыратын қажетті мамандар ала алады.

Айта кетейік, өткен жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша  батыс қазақстандық 196 отбасы баспаналы болған.

 

Батыс Қазақстан