Аймақтар • 13 Наурыз, 2020

Оралда көпірден секірген қызды полиция құтқарды

292 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері көпірден суға секіріп өлмек болған бойжеткенді ажалдан аман алып қалды.

Оралда көпірден секірген қызды полиция құтқарды

Орал қаласына қарайтын Деркөл ауылында наурыздың 12-сі күні 1988 жылы туған қыз бала өз-өзіне қол жұмсамақ болып, Деркөл ауылы аумағындағы Шаған өзеніндегі көпірден секіріп кеткен. Бұл жөнінде сағат 20:30 кезінде полицияның «102» кезекші операторына қоңырау түскен.

- Суыт хабар түскен бойда сол аумақта кезекшілікте жүрген Орал қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, полиция лейтенанты Парасат Жолбаев пен полиция капитаны Ерлан Қожасов оқиға орнына жетеді. Айналаны барлап, сол маңайдағы саяжай қоғамы тұрғындарынан қайық сұрастырады. «Суға адам құлап түсті, көмектесу керек» деген сәтте ауыл тұрғынының бірі қайығын береді, - дейді полицияның баспасөз қызметкері Асылай Ғұбашева.

Полиция қызметкерлері қайықпен су ортасына жеткен кезде бойжеткеннің денесі су бетінде қалқып тұр екен. Оны бірден көпір астындағы бетон алаңқайға шығарып, жасанды тыныс алдыруға кіріседі. Сөйтіп, қыздың тірі екені білінген сәтте арнайы жаттығулар жасап, жұтқан суын шығарады. Көп кешікпей құтқарушылар жасағы мен жедел жәрдем де келіп жетеді. Бойжеткенді қайыққа салып, жағаға дейін жеткізіп, дәрігерлердің қолына тапсырады.

Қазіргі уақытта қыздың жағдайы бір қалыпты. Айта кетейік, оралдық полиция қызметкерлері бұған дейін де екі мәрте дәл осындай жағдайда суицид жасамақ болған қыздарды құтқарған болатын.

 

Батыс Қазақстан