Өнер • 13 Наурыз, 2020

Отырарда ашық аспан астындағы театр іске қосылады

380 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Отырар ауданында «Open air» ашық аспан астындағы театры іске қосылып, тарихи, көркем, анимациялық фильмдер көрермендерге ұсынылмақ. Театр қараша айына дейін халыққа қызмет көрсететін болады.

Отырарда ашық аспан астындағы театр іске қосылады

Сондай-ақ биыл театрларда әл-Фарабидің 1150, А.Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына орай жаңа спектакльдердің премьералары халық назарына ұсынылады. Аталған мерейтойларға байланысты сәуір айында «Театр көктемі-2020» кәсіби театрлардың фестивалі мен «Халықтық» атағы бар театрлардың байқауын өткізу жоспарланған. Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай «Бақыт құшағында» атты ретро-фестивалін, «Ән еркесі» мерекелік концерті, «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы және барлық аудан, қалаларда 80-ге жуық іс-шара өткізу де биылғы жоспарға енген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді.

Жоспарланған іс-шаралардың жүзеге асуы, әрине, әлемге тарап жатқан вирусқа қатысты шектеулерге де тәуелді. Дегенмен бүгінде анимациялық фильмдерді көптеп ұсына бастаған өңірде биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Түркістан құпиялары» деректі фильмін және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында анимациялық фильмдерді түсіру жоспарланып отыр.

Облыста түсірілген «Күш атасы − Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» анимациялық фильмдері мен «Көне жетігеннің сыры» телесериалы облыстың барлық ауданы мен қалаларында және жергілікті телеарналар мен «Хабар», «Асыл арна» телеарналарынан көрсетілген болатын. Бүгінгі таңда облыста 679 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетеді.

 

Түркістан облысы