Қоғам • 16 Наурыз, 2020

Азық қоры көп, уайымдаудың жөні жоқ

241 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров коронавирустың таралуына байланысты елдің азық-түлік өндіру және баға нарығында қалыптасқан ахуал туралы арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

Азық қоры көп, уайымдаудың жөні жоқ

Тиісті сала министрлерінің айтуынша, азық-түлік нарығындағы ахуал тұрақты, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің жарты жылға жететін қоры бар. Өнім өндіруші кәсіпорындар үздіксіз жұмыс істеуде, алдағы уақытта олардың қуаты арта түсуге тиіс.

– Бізде дүрбелең болып жатыр деген ақпаратқа сенбеуге шақырамын. Әлеуметтік желілерде супермаркеттен түсірілген суреттің тарап жатқанын көрдіңіздер. Ешқандай жетіспеушілік жоқ екенін атап өткім келеді. Ақпа­рат­тың аздығы сезілуі мүмкін, бірақ біз тауар­лардың жетіспеушілігіне жол бермейміз. Бұл бәрімізге байланысты. Дүрбелең туғызудың қажеті жоқ, – деді Б.Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, азық-түлік бағасы бақылауға алынған. Ешқандай проблема жоқ, тапшылық болмайды. Кәсіпкерлер қолдан бағаны көтеретін болса, ол спекуляция деп бағаланады, тиісті мемлекеттік органдар оған қарсы жұмыс істеп жатыр. Б.Сұлтанов атап өткендей, аймақ­тар­дағы тұрақтандыру қорларының жұмысына қатысты жергілікті атқа­ру­шы органдардың жауапкершілігі был­тырға қарағанда биыл салмақты болады. 

– Жергілікті атқарушы органдар таусылуы мүмкін азық-түлік түрлері бойынша мәселені уақтылы шешуге тиіс. Бұл орайда, жергілікті атқарушы билік азық-түлік түрлеріне талдау жасауы керек. Қажеті жоғын сатып алу керек емес. Сол жағына мән бермесе, кейде өндіріс пен сұраныстың арасында алшақтық қалыптасады, – деді министр. Мәселен, былтыр қарақұмық тапшылығы туындап, кейбір өңірдің билігі нарықтағы бұл трендтер мен өзгерістерді байқамай қалған. Был­тыр тоғыз айдың қорытындысы бо­йынша алты облыста мәселені дұрыс бақыламаған әкімдердің орынбасарлары жазаланған болатын. Биылғы жауапкершілік одан да жоғары екені түсінікті.

Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровтың сөзіне қарағанда, қазір республика бойынша 1,2 миллион тонна әлеуметтік маңызды тауар қоры бар.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен, әкімдіктермен бір­лесіп жедел штаб құрды. Штабтың негізгі мақсаты – халықты негізгі азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету. Әкімдіктермен тұрақты байланыста­мыз. Негізінен аймақтардағы тұрақ­тандыру қорларындағы азық-түліктің толымдылығы тексеріліп, өндірушілердің қоймаларына, сауда нүктелеріне мониторинг жүргізілуде. Қолда бар жедел мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда республика бойынша 1,2 млн тонна әлеуметтік маңызы бар тауар бар, – деді С.Омаров.

Министр атап өткендей, бұл тауар халықты 5-6 ай көлемінде қамтамасыз етуге толығымен жеткілікті. Одан бөлек азық-түліктің барлық түрі өндіріліп те жатыр. Өңдеуге бағытталатын ши­кізат қоры да жеткілікті. Өңдеуші кәсіпорындар қажет болса өндірістік қуатты арттырады.

– Біздегі негізгі азық-түлік түрінің бірі – бидай ұны. Бидай ұнынан үш мил­­лион тонна өндірдік. Бұл ішкі қа­жеттілікті 204 пайыздық деңгейде жа­буға жеткілікті. 144 мың тонна кү­ріш өндірілді. Күрішке ішкі сұраныс кө­лемі – 76 мың тонна, яғни қажетті­лік­ті 190 пайыз жауып отырмыз. Сол се­кілді 165 мың тонна макарон өндірі­луде, оған ішкі сұраныс – 150 мың тонна, – деді ол.

Елімізден 3,9 миллион тонна картоп өндіріліп, қажетті норма 107 пайыз артығымен орындалыпты. Сиыр, қой, жылқы, шошқа етіне деген сұранысты да отандық өндірушілер толығымен өтей алады.

– Қазақстанда ай сайын 7,7 мың тонна құс еті тұтынылады. Қорда 28,9 мың тонна құс еті бар, бұл 4-5 айға же­теді, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Б.Сұлтанов пен С.Омаров еліміз­де азық-түліктің мол қоры бар еке­нін айтып, халықты дүрлікпеуге шақырды. Иә, қазір дүрлігетін емес, сабыр сақтайтын, сақтық шараларын күшейтетін уақыт.