Қоғам • 16 Наурыз, 2020

Коронавирусқа қарсы күрес жалғасуда

333 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр желтоқсанда Қытайдан тарала бастаған індет Қазақстанға да жетті. Соңғы 2 күнде Германия, Польша, Ресейден келген 6 отандасымыздың жаңа вирус жұқтырғаны анықталып, бүгінде 1090 адам стационарлық карантинде, тағы 452 адам үй карантинінде. Әлемді дүрліктірген вирус соншалықты қауіпті ме?

Коронавирусқа қарсы күрес жалғасуда

Өкпенің қабынуына алып келетін COVID-19 вирусы 145 374 адамға жұғып, олардың 71 712-сі дерттен айық­ты. Бұл әрбір екінші науқастың жазы­лып шығатынын білдіреді. Адам шығыны да болды. Қытайдың Хубей провинциясынан басталған індет 5 429 адамның өмірмен қош­та­суы­на әкелді. Оның үстіне ақпарат құралдарының ғалымдар әлі күнге дейін вакцина ойлап таппағаны туралы хабары елді дүрліктіріп, әлем халқын дүкендер мен дәріханалар сөре­лерін босатуға дейін алып барды.

Сарапшылар бүгінде коронавирус жұқтырғандар саны тұмау жұқтыр­ған­­дарға қарағанда әлдеқайда аз еке­­­нін айтады. «Бұл вирустың ин­фек­­­­ция­сы тұ­мауға қарағанда әлсіз. Деген­­мен коро­навирус тұмаудан қауіп­­сіз де­ген­ді білдірмейді. Корона­вирус­­­тың нау­қас­пен тікелей байланыс бол­ған­да, сөй­лес­кенде, қол алыс­қанда жұға­ты­нын ескер­ген жөн. Ал тұ­мау ондай ты­ғыз бай­­ла­нысты қажет ет­пейді. Әдет­те, нау­­қас­пен бір бөл­­­ме­де отыру жет­­кі­­л­ікті. Со­ны­мен қатар жаңа дертке шал­­­­дық­­­қандар ара­сын­да бала­лар­дың жо­­­ғын ескерген жөн. Коро­на­ви­рус­қа қа­­т­ыс­­­ты дүр­­лігу негізсіз демей­мін, алай­­да сон­­­­ша­­лықты дабыл қағу­дың қаже­ті жоқ», дейді сарапшы Евге­ний Тимаков.

Ең алғашында ғалымдар корона­вирусты SARS вирусына ұқ­са­т­ты. 2002 жылы аталған вирусты 8 096 адам жұқтырып, 774 адам көз жұмған еді. Бұл кезде де вирус өкпе қабынуына алып келген-ді. Одан кейін 2012 жылы MERS-CoV ви­русы таралып, салдарынан 27 ел­дің 858 азаматы қайтыс болды. Яғни коронавирус салдарынан қаза тап­қандар ескі індеттерге қара­ған­да әлдеқайда аз. Әйтсе де, вирус­пен күресу, оған қарсы вакцина табу – әлем күнтәртібіндегі басты мә­се­лелердің бірі. Дүниежүзілік банк COVID-19 вирусымен күресте бір­қатар мемлекетті қол­­дайтынын мәлім­деді. Осы­лайша, 12 млрд АҚШ доллары көлемінде алғашқы траншын белгіледі. Банк мәлімдемесінде бұл қаражат әлеуметтік жағ­дайы төмен азаматтарға алғашқы көмек көр­сетуге бағытталғаны тура­лы айтыл­ған. Сонымен қатар меди­цина қыз­меткерлерін оқы­ту да жоспарланған. Әдетте Дүние­жүзілік банк қаражатты несиеге беретін, алайда бұл жағдайда қаражатты қайтару жүктелмеген.

Дабыл қағудың негізсіз екеніне тағы бір себеп – вирус таралуының азаюы. Өткен бейсенбіде Қытай Ги­гие­­­на мен денсаулық сақтау мем­ле­­кет­­тік комитетінің ресми өкілі Ми Фэн елде вирустың таралуы айтар­лық­­тай бәсеңдегенін мәлім­деген еді. ҚХР көш­басшысы Си Цзиньпин 10 нау­­рызда індет ошағы Ухань қала­сы­на ба­рып, ресми мәлім­деме жаса­ған-ды. Оның айтуынша, Қытай індет­тен айы­ғып келеді. «Біз бұл қара түнектен құ­ты­лып жатырмыз десек бола­ды. Әл­бетте, күрес жалғасуда, алай­да же­ңіс­тің күні жақын», деді Қытай­дың бас­шысы. Статистикаға назар салсақ, нау­рыз айына дейін вирус жұқ­­тыр­ған қы­тай­лықтар саны бір күн­­де жүзден асып тұрған, ал наурыз­дың алғаш­қы күн­­дері олардың саны 10-20-ға жуықтады.

Іргелес жатқан Қытайдағы індет елімізге Мәскеу, Варшава, Франк­фурт қалаларынан ұшып келген отандастарымыз ар­қылы келген. Қазірде тиісті құры­лым­дар олармен бір рейсте болған жолаушылар­ды іздеп, жағ­дайын анықтап жатыр. Баку, Сеул, Гонконг бағытындағы әуе қатынасының қысқарып, Бей­жің, Үрімші, Париж, Куала-Лумпур бағы­тындағы рейстер тоқтатылды. Соны­мен қатар Оңтүстік-Шығыс Азиядан келетін рейстерге тек қана Қазақстан азаматтары жіберіледі. Меди­цина қызметкерлері ел аумағы­на келген әрбір жолаушының қызуын тексеріп, ұшақты екі рет зарарсыздандырады. Бұған дейін хабарланғандай, Оңтүстік Кореяда шамамен 35 мыңға жуық қазақстандық бар. Сыртқы істер министрлігі оларды ішінде заңсыз жүргендер барын растады. Сыртқы істер министрлігінің бас­пасөз хатшысы Айбек Смадияров оларды эвакуа­циялау мәселесі қарас­тырылмағанын, алайда вирус жұқ­тырған жағдайда көмек берілуі үшін сол жақтағы меди­цина­лық орта­лықтармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Вирус жұқтырғандар қата­рын­да саясаткерлер мен өнер жұл­дыздары да бар. Канада премьер-министрі Джастин Трю­доның әйелі Софи Трюдо осы қатарда. Канада үкімет басшысы жұбайының Ұлыбритания сапарынан кейін өзін жайсыз сезі­ніп, кейін вирус анықталғанын мәлім­деді. Сонымен қатар осы оқиғаға қатысты Канада халқына жолдауын­да өзінің денсаулығы жақсы екенін, ал бұл вирустың аса қауіпті емесін айтты. «Вирус басқа вирустар сияқ­ты адамнан адамға жұғады. Деген­мен біз қоғам алдындағы жауапкер­шілі­гімізді ұмытпай, вирустың таралуын тоқтатуымыз үшін бірн­еше күн үйден шықпай, қаладан, тіпті мемлекеттен кетпеуіміз керек», деді Джастин Трюдо.

Саясаткер сөзінің жаны бар. Өйт­кені Италия да коронавирус жұқтыр­ғандар саны бойынша алда. Соңғы деректерге сүйенсек, елде 21 157 науқас тіркелген. Қайтыс болғандар саны – 1 441, дерттен айыққандар – 1 966. Бүгінде түгелдей қауіпті аймаққа айналған Италияда індет елдің солтүстігіндегі Кондоньо қаласында басталған. Ломбардия деп аталатын аймақ тұрғындары бұл жағдайды естіп, оңтүстікке жаппай көшкен. Вирус туралы ресми ақпарат тараған алғашқы тәуліктің өзінде 10 мыңға жуық итальяндық аталған аймақтан қоныс аударған. Италия дәрі­герлері халықтың 23 пайызы 65 жас­тан үлкен адамдар екенін ес­керген жөн дейді. «Италия халқының орташа жасы – 47,3. Бұл елде егде жастағылардың көп екенін көрсетеді. Ал бұл вирус та иммунитеті төмен, әлсіз адамдарға тез жұғады. Соны­мен бірге итальяндықтардың мәдениеті де үлкен рөл ойнайды. Біздің халық көп болып жүргенді, көрген сайын қол алысқанды жақсы көреді», дейді итальяндық профессор Марина Делла Джуста. Бүгінде Италияда каран­тин жарияланған. Сауда жасауға, қаржылық операцияларға тыйым салынған. Тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатылымына шектеу жоқ.

Италияның Венето облы­сының губернаторы Лука Дзайя мониторинг нәтижесімен бөлісіп, халықты сабырға шақырды. Оның айтуынша, денсаулығы жақсы адамға бұл вирус қауіпті емес. «Коронавирус жұқ­тырған­дардың 80 пайызы өзді­гінен жазылып шықты. Тек 15 пайыз адам ғана дәрігерлердің көмегіне мұқтаж болған, ал 5 пайызына стационарлық ем міндетті болды. Вирустан көз жұм­ған 17 адамның созылмалы ауруы болған. Яғни дені сау адамға бұл вирустан қауіп жоқ. Сондықтан не­гіз­сіз ақпаратқа сеніп, қорқудың қа­жеті жоқ», дейді саясаткер.

Сандарды сөйлететін болсақ, Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын тұмау 650 мың адам­ның өмірін қиятынын айтады. Вирус­тың ошағы Қытай­да жыл сайын 88,1 мың адам тұ­маудан көз жұ­мады екен. Халық­аралық статис­тикаға сүйенсек, биыл 1 657 169 адам рактан көз жұмған. 504 680 кісі ішімдік, 1 млн-нан көп кісі темекі тарту салдарынан бақилық болған. 2020 жыл басталғалы тұмаудан 98 050 адам қайтыс болған. Жол апаты 272 382 адамның өмірін қиса, өзіне қол салғандар саны – 216 379. Зиянды әдеттер мен жол апатынан қаза тапқандар саны едәуір көп. Вирусты адамзат халқының өміріне қауіп төндірген кесел ретінде қарауға негіз жоқ. Дегенмен «сақтансаң –сақтайды» деп жүретін халқымыз бұл жағдайда да сол ережені ұмытпас.