Жаңа фабрика былтыр сәуір айында Шымкент қаласы әкімдігі мен «Рахат-Шымкент» ЖШС арасындағы серіктестік меморандумы нәтижесінде іске қосылып отыр. Жоспарға сәйкес шаһардағы бұл фабрика бір сағат ішінде 1 тонна, бір жылда 3,5 мың тонна мармелад шығаратын болады.
«Бүгін біз мармелад өндірісінің жаңа желісінің іске қосылуының куәсі болып отырмыз. Жоба аясында мемлекет тарапынан қолдау тауып, 90 миллион теңге субсидия төленді. Қазақстандық брендтің тәтті өнімдері ТМД елдерінің мәдени астанасы болып танылған қаламызға келген туристердің алдында ұлттық беделімізді арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймын. Сондықтан да «Рахат» фабрикасын әрі қарай өндірісін кеңейтуге, қалаға инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға шақырамын», деді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.
Айта кетерлігі, аталған жоба аясында қалаға 1,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 80 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Жоба мемлекет тарапынан қолдау тауып, 90 млн теңге субсидия төленді.
Бұл туралы «Рахат» АҚ басқарма төрағасы Константин Федорец үшінші мегаполисте өндірілетін мармеладтың ерекшелігін тілге тиек етіп, компания жоспарымен бөлісті.
«Мармеладтық өнім сегментіндегі сатып алушылардың сұранысы бізге ішкі және сыртқы нарықтағы тұрақты өсімнің барын көрсетеді. Ол мармелад секілді құрамында қант көлемі аз кондитерлік өнімдерді тұтынудың қазіргі үрдісімен байланысты. Шымкент қаласындағы өндірістік желінің іске қосылуы «Рахат» АҚ үшін стратегиялық қадам болды. Компанияның келесі жоспарларының бірі – өнім ассортиментін арттыру. Бүгінгі күннің өзінде де агарагар, пектин, желатин секілдің таза шикізат негізіндегі жаңа мармелад түрлерін заманауи алдыңғы технологиялар арқылы құйып шығаруды қолға алып отырмыз», деді ол.
Бүгінде заманауи құралдармен жабдықталған фабрикада 30 аталым бойынша 6 түрі өнім өндіріледі. 2019 жылғы көрсеткіш бойынша өндіріс орны 20 мың тонна өнім шығарған. Қазіргі таңда жылдық қуаттылығы 3,5 мың тоннаны құрайтын кәсіпорынның мармелад және басқа да кондитер өнімдері ТМД, Еуропа және Азия елдеріне экспортталуда.
ШЫМКЕНТ