Аймақтар • 16 Наурыз, 2020

Әлемдегі ең әдемі киім Ақшұқырда тігіледі

879 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемдегі ең әдемі киім – жаңа туған нәрестелерге арналған киім. Сапасы мен сәні шетелдік брендтерден қалыс қалмай­тын балалар киімі Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында тігілуде.

Әлемдегі ең әдемі киім Ақшұқырда тігіледі

«Rakhim baby» сәбилерге арналған киім цехы 2012 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Цех иесі Майра Рзабекқызы бұрын математика пәнінің мұғалімі болған. Алдымен Түркиядан жаңадан туған балалар киімін тасып, оны Ақтауда сатумен айналысады. Кейін өзі тігуді шешті.

– Түріктер жаялық шығар­майды. «Неге түріктерден мата алып шыт жаялықтар мен көрпе­лерді өзім тікпеске?», деген ой келді, – Тәуекелге бел буып, несие алып, жұмысты бастап кеттім. Бүгінде тек Маңғыстау облысына емес, басқа қалаларға да тапсырыс жіберіп отырмыз, – дейді Түпқараған аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалы, Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Майра Рзабекқызы.

Кәсіпорында 200-ден астам тауар түрі тігіледі. Айына 4 мың дана жаялық, шақалаққа арнал­ған киім топтамасы 2 мың дана, 80 дана көрпе, 100 дана бесік жасауын тігіп келеді. Кәсіпкер жақында арнайы сертификат алып, «Қазақстанның үздік та­уары» байқауына қатыспақ.

– Бұл – нағыз бренд. Мұндай тамаша жұмыс көрмедім! Кере­мет әсер қалдырды. Әдемі маталар, ең алдымен өте сапалы өнім екен. Мен жіптерден, маталардан, ілгектерден бастап, мінсіз технологияны талап ететін осындай нәзік өнімді өндіре алады деп ойламағанмын. Барлық киімдердің матасы, тігісі, сапасы ұнады, – дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасына қарасты Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Халелқызы. Кәсіп­кер бүгінгі таңда 20 әйел­ді жұмыспен қамтып отыр. Олардың арасында зейнеткер аналар, жарымжан әйелдер де бар екен. Мұнда жұмысқа келген аналар себепсіз шығып кетпейді. Барлық жұмысшылар тұрақты жалақымен қамтылған. Майра Рзабекқызының тігіншілерінің қолынан шыққан тауарлар айтулы байқауларға қатысуға ынталы. Таза мақтадан тігілген киімдер көпшіліктің үдесінен шығады деген сенім бар. Түрлі көрмелерде үнемі орын алып, осы бағыттағы барлық жаңашылдықтарды назарынан тыс қалдырған емес.

«Rakhim baby» бренді туралы әлеуметтік желілерден балалар дүкендерінің көптеген иелері танып білген. Қазір өнім Қазақстанның көптеген қала­ларына – Атырау, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қызылордаға, сондай-ақ Ресейге және ТМД-ның басқа да елдеріне жеткізілуде. Кәсіпкер алда кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.

 

Маңғыстау облысы