«Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекциясы таралуының алдын алу шараларын күшейту туралы» Үкімет шешіміне сәйкес ел аумағында, оның ішінде Алматы қаласында бұрын жоспарланған іс-шараларды көшіру немесе тоқтату туралы шешім қабылданды. Қалалық мәдениет басқармасы бірқатар шектеулерді енгізді.
2020 жылдың 13 наурызынан бастап қала аумағында барлық бұқаралық мәдени іс-шаралар, конференция, семинарлар, көрмелерді өткізуге уақытша тыйым салынды. Халықаралық мәдени іс-шараларға бару мақсатында 1А, 1Б, 2 және 3 санаттағы елдерге шығуға шектеу енгізілді. Шаһардың барлық тиісті ұйымы мен мәдениет мекемелеріне өз ұйымдарының аумағында қажетті құралдармен: санитайзерлер, антисептиктер және коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі жадынамалармен қамтамасыз етуде санитарлық-профилактикалық іс-шараларды күшейту жөнінде ұсыныстар білдірді.
Қалада 2020 жылдың бірінші жартыжылдығына 40-тан астам іс-шара жоспарланған. Оның ішінде, бүгінгі таңда 14-і тоқтатылса, қалған 26 шара ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына ауыстырылды. Мәдени-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес мониторингтің қорытындысы бойынша наурыз-сәуір айларында мәдени ойын-сауық ұйымдары бойынша 211, ал театрларда 383 іс-шараға шектеу қойылды. Қала бойынша барлығы 608 іс-шара тоқтатылды.
Сондай-ақ бүгінде қалада барлық кинотеатрлар, хайуанаттар бағы, мұражайлар, кітапханалар жұмысын тоқтатты.
Білім беру мекемелерінің жұмыс істеу форматы түсіндірілді
Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін қосымша білім беру нысандарында (оқушылар үйі, музыкалық мектептер) білім беру процесін жүргізуге тыйым салынды. Сонымен қатар балалардың орны сақталады, ата-аналардан оқу ақысы алынбайды. Жалпы, Алматыда 266 мектеп, 80 колледж бар. 16 наурыздан бастап мектептерде демалыс жарияланды. Оқушыларға демалыс кезінде экскурсияға баруға тыйым салынды. Колледж студенттері 16 наурыздан бастап қашықтан білім алуға көшеді.
Спорттық ұйымдар оқыту-жаттығу процестерін тоқтатты
Алматыда барлығы 14 коммуналдық спорт нысаны бар. Оның ішінде 9-ы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі. Спортпен шұғылданатындар 12 мыңнан астам адамды құрайды. 13 наурыздан бастап барлық мемлекеттік спорт мектептерінде оқу-жаттығу процесі тоқтатылды.
Жергілікті және республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылатын спорт кәсіпорындарындағы оқу-жаттығулары, физикалық-сауықтыру қызметтерін ұсыну және спорт саласындағы әлеуметтік жобаларды іске асыруға да шектеу қойылды.
Жеке спорт ұйымдарына спорт саласында көрсетілетін қызметтерді уақытша тоқтату жөнінде ұсынымдар берілді. Атап өтетін жайт, бірқатар ұйымдар, соның ішінде, қала тұрғындары да бұл ұсыныстарға түсіністік білдірді.
Сонымен қатар барлық спорт түрлері бойынша қалалық құрама командаларының мүшелері Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуына шектеу қойылды. Сондай-ақ мегаполис аумағында халықаралық спорттық шаралар да тоқтатылды.
Алматыдағы 4 науқастың біреуі орташа ауыр жағдайда
Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында айтты.
«Науқастардың барлығы Қазақстан азаматтары. Бірінші науқас 10 наурыз күні Қазақстанға келіп, үй карантинінде болған. Коронавирус анықталған тағы бір азамат 13 наурызға қараған түні Берлин-Алматы бағытында чартерлік рейспен келген. Борттағы барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері бірден карантинге жатқызылып, тиісті медициналық зерттеулер жасалды. Ал вирус жұқтырды деген үшінші азамат чартерлік рейспен келген науқастың жұбайы. Бүгін анықталған төртінші науқас Мәскеу-Алматы рейсімен 10 наурыз күні ұшып келген. Байланыста болған барлық адамдар қазір анықталып жатыр» деді Тілеухан Әбілдаев.
«3 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Біреуі орташа ауыр жағдайда. Вирусқа қарсы және симптоматикалық терапия ережеге сәйкес уақытында басталды» деді Тілеухан Әбілдаев.
АЛМАТЫ