Демалыс күні қаладағы «Сайран» автобекетіндегі кассаларда студенттер сағаттап кезекке тұрды. Тіпті, кейбіреуі билет таппай кері қайтқан. Олардың айтуынша, билет бағасы әдеттегіден 2-3 мың теңгеге қымбаттап үлгерген. Авто бекет қызметкерлері билет тапшылығын жою мақсатында барлық шараларды қолданып жатқандығын айтады. Негізгі базадағы көліктерден бөлек, жолаушылар тасымалдауға қосымша жекеменшік автобустар тартылған. Мекеме билет бағасының қымбат болу себебін осы жағдаймен түсіндіріп отыр. Өйткені, жекеменшік автобустардың сұрайтын ақысы әлдеқайда жоғары.
«Мәселен, Қызылордадан кеше 12 автобус алдырттық. Олар сол қаладан бос келді, сол үшін келу ақшасын да сұрап отыр. Сол себептен де билет құны 1000 теңгеге қымбат болып отыр. Қызылордаға билет 6 мың болды, оған мың теңге қостық, қосымша жүк бағасы 720 теңге», дейді «Сайран» автобекеті тасымалдау бөлімінің басшысы Ерлан Әбілдаев.
Бүгінде Сайран автобекетінің базасында 70-ке жуық автобус бар. Қазіргі таңда әсіресе Қызылорда, Шымкент, Түркістан қалаларына билетке сұраныс артқан.