Ең бастысы, Алматы бірінші кезектегі қажетті азық-түлік тауарларымен, сондай-ақ бетперде және залалсыздандыру құралдарымен толық қамтамасыз етілгені туралы қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеді. Өйткені карантин кезінде ас-сусыз қаламыз деп үрейленген тұрғындардың көпшілігі үйіне тамақ тасуға көшкенін көріп отырмыз. Осы дүрмекке ілесіп, дүкендерде ұзын-сонар кезектердің пайда болуына үлесін қосып жатқандар да жеткілікті. Сондықтан да халыққа алдымен сабыр керек. Алайда сақтық шаралары сұралғанына қарамастан, бетпердесіз қалада жосып жүрген халық...
Сонымен С.Тұяқбаевтың айтуынша, тұрақтандыру қорына шамамен 18 мың тонна әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары сатып алынған. Бұл – қант, күнбағыс майы, қарақұмық, көкөніс, тауық еті. Барлық өнімдер Magnum және Small сауда желілері арқылы сатылады. Алдағы уақытта тұрақтандыру қорына қосымша қаражат бөлінеді.
«Бізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық 19 түрін жеткізіп берушілер бар. Біз бағасы және жеткізу көлемі туралы анықтап алдық. Сондықтан дүрбелең болмауы керек. Соңғы екі-үш күнде сауда желілерінде уақытша осындай жағдайлар орын алды. Бірақ біз тауарларды уақытында жеткіздік. Қаладағы қоймаларда барлық қажетті заттар бар», деді С.Тұяқбаев.
Қала әкімінің орынбасары азық-түлік қауіпсіздігі бойынша арнайы штаб құрылғанын, әр аудан әкімдігінің деңгейінде жауапты қызметкерлер анықталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ бағаның негізсіз көтерілуі анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданатынын алға тарта келе: «Барлық мәселе бақылауда. Бүгінгі таңда бізде бағаның көтерілуі бойынша қауіп жоқ. Тауарлардың негізгі бөлігі – отандық өнім», деді.
Дәріханаларды бетперделер және залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз етуде қала әкімдігі отандық залалсыздандыру құралдарын, санитайзерлерді өндірумен айналысатын «Avrora Holding» және бетперделерді жеткізетін «Dolce Pharm» компаниясымен келісімге қол қойған.
Әкім орынбасарының айтуынша, қала билігі 20-ға жуық ірі дәріханалық желілерінің өкілдерімен кездесулер өткізіп, бірінші кезектегі қажетті дәрі-дәрмектердің бағасын бақылау және оның жеткілікті көлемін қамтамасыз ету бойынша уағдаластыққа қол жеткізді.
Қала әкімдігінде белгілі болғандай, қоғамдық көлік құралдарын өңдеу күнделікті әрі міндетті шараға жатқызылады. Бұл шара мемлекеттік және жеке автокөліктерге қатысты. Автокөлік парктерінің санитарлық жағдайын тексеру жүргізіледі. Талаптар орындалмаған жағдайда олар жазаға тартылмақ.
Сол сияқты Алматыдағы азық-түлік «дүрбелеңінен» кейін қала билігі өткізген баспасөз жиынында Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин «азық-түлік қоры жеткілікті, дүрбелеңге негіз жоқ» деп мәлімдеді.
Қала билігінің дерегінше, алматылықтар ай сайын 860 мың тонна әлеуметтік тауар тұтынады. Оның 240 мың тоннасы Алматыда өндіріледі. 520 мың тоннаға жуық азықтың 90 пайызы басқа өңірлерден келіп жатыр. Ең бастысы, қандай жағдайда да қала билігі әрекетсіз отырған жоқ. Халық сабырлы болып, ақылмен әрекет етсе, құзырлы мекемелер өздеріне артылған міндетті орындап, мәселелерді реттеуге ұмтылып отыр.
АЛМАТЫ