Коронавирус • 17 Наурыз, 2020

Қамданғанға коронавирус қауіпті емес

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Аймақтың бас санитарлық дәрігері  жағдай бақылауға алынғандығын айтуда.

Қамданғанға коронавирус қауіпті емес

– Өңірде коронавирустық инфекция жұқтырғандар тіркелген жоқ. Облыс аумағына келген азаматтарға мониторинг жүргізілуде. Медициналық мекемелердің дайындығы пысықталып жатыр. Жеңіл және ауыр түрін жұқтырған науқастарға ауруханалардан орын жабдықталды. Коронавирус тіркелген шетелдерден келген азаматтарға арналған карантин орны да әзірленді,–дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Айнагүл Мусина.

Президент тапсырмасына сәйкес 50-ден артық адамдың бір жерде шоғырлануына тыйым салынады. Осыған орай, облыс әкімі Ермек Боранбайұлы халыққа қызмет көрсету орталықтары мен банк қызметкерлерінің жұмысын мүмкіндігінше цифрландыруды тапсырды. Осы арқылы адамдардың көп жиналуына жол берілмейді. Ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмыстары шектелгенімен, азық-түлік дүкендері штаттық режимде сағат 10-нан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Бүгінгі ақпарат бойынша балабақшаға 38 процент қана бүлдіршін  келген.

– Бүгіннен бастап барлық студенттер үйлеріне қайтарылды. Барлық ұстаздар қауымы қашықтықтан білім беру жүйесіне ауыстырылды. Мектеп оқушылары 16 наурыздан 5 сәуірге дейін каникулға жіберілді. Оқу және медициналық мекемелер карантинге жабылды,–дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова.

Жедел әрекет ету штабының отырысында медициналық маскалардың жетіспеушілігі тағы да көтерілді. «Тыныс» зауыты ертеңге дейін 7 мың масканы дайындамақ. Одан бөлек 4 кәсіпорын медициналық қызметкерлерді маскалар және қорғаныс киімдерімен жабдықтайды.  

Отырыста көктемгі су тасқынының алдын-алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Аудан әкімдеріне апатты жағдайдың орын алуы мүмкін өңірлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету міндеттелді.  

 

Ақмола облысы