23 Тамыз, 2013

Кадр мәселесіндегі қиындықтар

492 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бір пәннен мұғалімдер көп, екіншісінен аз...

Ә ржаңа оқу жылының өз ерекшелігі бар. Ол жас ұрпаққа білім берудегі осы сала қыз­меткерлеріне, ұстаздарға жүк­телетін міндеттерге байланысты. Биылғы оқу жылында мектептер білім берудің мемлекеттік жалпы міндетті стандартына көшеді. Көптілділікті дамыту аясында ағылшын тілі бірінші сыныптан бас­тап оқытылады.

Бір пәннен мұғалімдер көп, екіншісінен аз...

Ә ржаңа оқу жылының өз ерекшелігі бар. Ол жас ұрпаққа білім берудегі осы сала қыз­меткерлеріне, ұстаздарға жүк­телетін міндеттерге байланысты. Биылғы оқу жылында мектептер білім берудің мемлекеттік жалпы міндетті стандартына көшеді. Көптілділікті дамыту аясында ағылшын тілі бірінші сыныптан бас­тап оқытылады.

Білім беру саласы заманмен бірге дамиды. Сірә, уақыттың алдында жүруге тиіс болар. Өйткені, ХХІ ғасыр – технологиялар заманы. Мемлекетіміз дүние жүзіндегі дамыған елдердің қатарынан көріну үшін экономика және әлеуметтік сала жаңа технологияларға құрылуы қажет екенін қазір қарапайым жандардың өзі түсінеді. Мұнсыз әлемдік бәсекеде асығымыз алшысынан тұрмайды. Қай уақытта да білімсіз даму болған емес. Осындай әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің іргетасы кішкентай білім ұясынан бастау алатыны ұстаз ретінде мені мақтаныш сезіміне бөлейді. Сонымен қатар, нардың жүгіндей жауапкершілікті де сезінеміз.

Ағылшын тілін бірінші сыныптан оқыту, математикалық бейімдегі пәндерге басымдық беру мектептер, ұстаздар үшін жеңіл жұмыс емес. Оның үстіне облыста биыл 578 білім беру мекемесі «E-learning» электронды білім беру жүйесімен жұмыс істейтін болады. Оның ішінде Жітіқара ауданындағы №3 мектеп те бар. Бұл мектеп электронды білім беру ісі бойынша аудандағы барлық білім ошақтары үшін ресурстық орталық болады. Тамыз мәслихатынан осы тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асырудың жолдары мен түйінді шешімдерін естиміз деп үміттенемін. Өзім көп жылдан бері жергілікті жердегі білім беру саласының басы-қасында жүргендіктен айтар пікірімді де ортаға салсам деймін. Электронды білім беру жүйесінің ақсамай жүруі үшін ең алдымен мектептердің материалдық-техникалық жағдайы сайма-сай болуы тиіс. Әсіресе, қазір ауылдық жерлерде кең жолақты интернет үздіксіз болмай, электронды білім беру ісі алға баспайды.

Ал екінші бір шешімі қиын түйін – кадр мәселесі. Біздің ауданда ағылшын тілінен мұғалімдер жеткілікті. Бұл ата-аналар мен мектеп басшылары үшін аса қуанышты жағдай да болып отыр. Бірақ математикалық бейім сабақтардан мұғалімдер жетіспейді. Оның себебі көпшілікке аян деп ойлаймын. Біріншіден, ауылға жас­тар бара бермейді. Әлеуметтік мәселелер көп. Екіншіден, жоғары оқу орындарында математикалық бейім пәндер бойынша мамандар аз дайындалады. Жастар бұл мамандықты аз қалайды. Осы бағытта түйіннің шешімін табуға білім ұясынан бастап, жергілікті атқару органдары, ата-аналар, жалпы қоғам жұмылуы тиіс.

Сарра АҚТАЕВА,

Жітіқара аудандық білім

бөлімінің басшысы.

Қостанай облысы,

Жітіқара ауданы.