23 Тамыз, 2013

«Ақтөбе» азулы қарсыласынан аса алмады

231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше түнде Ақтөбеде Еуропа лигасының төртінші раундының бірінші матчында жергілікті «Ақтөбе» мен Киевтің «Динамосы» кездесті. Бастан-аяқ тартысқа толы болып өткен кездесудің қорытындысында қонақтар 3:2 есебімен жеңіске жетті.Матчтың дебюттік бөлігі тәжірибесі көп киевтіктердің басым­дылығымен өтті.Олар тіп­ті есеп те ашып кете жаздады. Алайда, содан кейін өз-өздеріне келген ақтөбеліктер біртіндеп алға шолғындай бастады. Соның бірінде, 10-минутта олар меймандар қақпасы алдында алғашқы қауіпті сәтті туындатты. Дегенмен, «бірер ит-көйлекті бұрын тоздырған» динамошылар ойынның тізгінін өз қолдарынан шығара қоймады. Осы артықшылық ақыры 16-минутта олардың есеп ашуларына апарып жеткізді. Оны айып алаңында екі бірдей қорғаушының ортасында тұрған Ярмоленко түсірді.

Қақпаларына доп өткізіп алған ақтөбеліктер содан кейін тағы алға ұмтылды. Арада 20 минуттан кейін ғана олар есепті теңестіруге қол жеткізді. Сөйтіп, ойынның 37-минутында айып добын соғу кезінде жерлестеріміз есе қайтарды. Мұнда Гейнрихтің оң қапталдан келіп, ұрған добына басын қоя салған Тремулин өз қақпасына кіргізіп алды - 1:1.

Кездесудің екінші таймы қонақтардың біршама жігерлі шабуылдарымен өтті. Мұны олар көп ұзамай екі голға айналдыра білді. Біздің жігіттер тек ойын соңына қарай ғана шабуылшы Марат Хайрулиннің шеберлігі арқасында бір голдың қарымтасын қайтарды. Олардың бұдан артыққа шамалары жетпеді. Осылайша, азулы қарсылас өзінің алымдылығын танытып, жеңісті тартып әкетті.

Бұл ұтыс «Динамоға» келесі кезеңге өтуге үлкен артықшылық әперіп отыр.

Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.