
Облыс тарихына кө зсалсақ, осыда тура бір ғасыр бұры Қостанайға шойын жол тартылып, түтіні будақтаған отарба келген екен. Енді міне, қостанайлықтар вокзалда жалаулатып, электровозды күтіп алды. Машинист Қайрат Хасенов Қостанай темір жолы бөлімшесінің басшысы Ермек Темірбаевқа электровоздың келгені туралы салтанатты түрде баяндады.
Облыс тарихына кө зсалсақ, осыда тура бір ғасыр бұры Қостанайға шойын жол тартылып, түтіні будақтаған отарба келген екен. Енді міне, қостанайлықтар вокзалда жалаулатып, электровозды күтіп алды. Машинист Қайрат Хасенов Қостанай темір жолы бөлімшесінің басшысы Ермек Темірбаевқа электровоздың келгені туралы салтанатты түрде баяндады.Электр қуатымен жүретін пойыздың тұңғыш жолаушылары теміржолшы ардагерлер болғанының сәнімен қатар, ұрпаққа үлгі болар мәні де бар еді. Ұлы Отан соғысының ардагері, Қостанай облысы мен Қостанай қаласының құрметті азаматы, КСРО-ның құрметті теміржолшысы Бертран Рубинштейн ақсақал еліміздегі темір жол тарихын және осы саланың даму мүмкіндіктерін, жағдайын бес саусақтай білетін кісі. Ол Қостанайға темір жол қозғалысын электрлі жүйеге көшіру мәселесінің Кеңес одағы жылдары қозғалып, қалып қойғанын айта келіп, бүгін өзінің осы жаңалыққа куә болып отырғанына қуанышын жеткізді. Экологиялық таза және қуатты электровозын Қостанай өңірінде жүргізу үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2011жылдан «Қостанай –Железорудная учаскесін электрлендіру» инвестициялық жобасының құрылысын бастаған болатын. Арасы 46 шақырым болатын екі стансаның арасындағы темір жол түгел электрлендіріліп, тиімділігі жоғары электровоздың жүруіне мүмкіндік туды. Салтанатта Қостанай қаласының әкімі Ғауез Нұрмұханбетов тоқпен жүретін пойыздың келуін тарихи оқиғаға балады.
– Темір жол қозғалысын электр жүйесіне көшіру – алға дамудағы маңызды қадам. Қостанайда 1913 жылы тұңғыш отарба, паровоз пайда болды. Одан елу жыл өткеннен кейін, яғни 1964 жылы ол отынмен жүретін тепловозға алмастырылды. Ал тағы елу жылды артқа тастаған соң, міне, 2013 жылы электровозға қолымыз жетіп тұр. Даму доңғалағы осылай алға жылжып келеді. Темір жолдың дамуы Қостанай қаласының көркеюіне де ықпал етеді, – деді Ғауез Торсанұлы.
Темір жолдағы бұл жобаға 5 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Электрлендірудің арқасында облыс орталығынан өңірдегі Железорудная, Тобыл, Лисаков стансаларына жүретін пойыздардың жылдамдығы артып, қолайлығы да жақсара түскен. Сала мамандарының айтуынша электрлі жүйенің келуі Қостанай қаласының және өңірдің экологиясын серпілтуге ықпал етеді. Облыстан артылатын темір кені, құрылыс материалдары сияқты жүк тасымалының көлемі артады. Жолаушылар тасымалының жылдамдығымен қатар қауіпсіздігі де жақсарады. Электровоз жүрісінің шығыны тепловозға қарағанда екі есе аз. Ал оның экономикалық тиімділігі жылына 60 миллион теңгеге жуықтайтын болады. Ең бастысы, темір жолдың электрмен жабдықталатын учаскелерінен 21 адам өздеріне жұмыс орнын тапты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.