Қоғам • 18 Наурыз, 2020

Алматы шекараларына автокөліктің кіруі мен шығуына шектеу қойылады

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов қаладағы карантиндік режимді түсіндірді.

Алматы шекараларына автокөліктің кіруі мен шығуына шектеу қойылады

– Ішкі істер министрінің бұйрығымен жеке құрам қызметтің күшейтілген нұсқасына көшірілді. Полицияның басты міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта департамент коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін онымен күресу шараларын жүргізуде. Мүдделі мемлекеттік органдар қызметкерлерімен бірлесе отырып инфекция жұқтырған адамдармен тікелей байланыста болған тұлғаларды іздестіру шаралары жүргізілуде. Бүгінгі күні осындай 798 азамат анықталып, олар медициналық мекемелерге жеткізілді, – деді Қанат Таймерденов.

Сондай-ақ ол ерекше маңызға ие мемлекеттік нысандар мен мекемелерді тәулік бойы күзету жүзеге асырылатынын атап өтті.

–  Президент жанындағы Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен 19 наурызда сағат 00.00-ден бастап карантин режимі енгізіледі. Басты мақсат – қаланың сыртқы аумағын бақылап, қаланың ішіндегі карантин режимін қатаң қадағалау арқылы инфекцияның таралуын тоқтату. Алматының шекараларына автокөліктің кіруі мен шығуына шектеу қойылады. Соған байланысты қаланың барлық кіреберістеріне және он магистральға 27 блок-бекет қойылады. Сол жерге күнделікті полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министрлігінің жауынгерлері жұмылдырылады, – деді ол.

Бұдан соң, Қанат Таймерденов Полиция департаментінде арнайы call-орталық жұмыс істейтінін айтты.

– Полиция департаментіндегі call-орталық 254-40-07 нөмірімен жұмыс істейді. Бұл орталық азаматтар тарапынан туындаған мәселелерді қарастырып, барлық сұрақтарына шұғыл жауап беріледі. Құрметті азаматтар! Сіздердің Ішкі істер органдары тарапынан жасалып жатқан шараларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Өйткені, олар сіздің және сіздің жақындарыңыз үшін қабылданып жатқан шара, – деді Қ. Таймерденов.

 

Соңғы жаңалықтар