Біріншіден, балабақшалардың жұмысына байланысты. Бүгінге дейін балабақшалардың жұмысы тоқтаған жоқ болатын. Алайда, Алматы қаласы мен Нұрсұлтан қалаларында карантин жарияланғанына байланысты ертеңнен бастап балабақшалар жұмысын тоқтатады.
Екіншіден, орта білімге байланысты. 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін мектеп оқушылары көктемгі демалысқа шықты. Ол демалыс 5 сәуірге дейін жалғасады.
Қазіргі кезде мектепте оқушылар жоқ және де ұстаздар үйлерінде балалармен қашықтан қарым-қатынаста жұмыс істейді. Демалыс кезінде балалар үйге арнайы тапсырмалар алады. Сол тапсырмаларға байланысты мұғалімдермен, сынып жетекшілермен байланыста болады.
- Егер карантин жалғасын табатын болса, 5 сәуірде каникул аяқталған сәтте оқушылар қашықтан оқытуға ауысады. Осыған байланысты қазіргі таңда Алматы қаласы Білім басқармасы министрлікпен бірігіп, дайындық жұмыстарын жасап жатыр, – деді Білім басқармасы басшысының орынбасары.
Үшіншіден, колледж студенттері 16 наурыздан бастап қашықтан оқуға көшті. Оларға арнайы бағдарлама мен арнайы тестпен электрондық форматта оқу ұйымдастырылды.
- Колледждің жатақханада жатқан студенттерінің үйлеріне қайтуына мүмкіншілігі болмаған жағдайда, олар жатақханада қалып, оқуын қашықтан жалғастыра береді, – деп түсіндірді Г.Айтқұлова.