Елбасы • 19 Наурыз, 2020

Тұрақтылық пен орнықты даму жолы

268 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осыдан дәл бір жыл бұрын жыл басы, жаңару мейрамы Наурызбен тұспа-тұс келген Қазақстандағы билік транзитін халық жақсылыққа балап, жаңа жылмен басталған жаңа кезеңге үлкен үмітпен қарады. Мемлекеттің іргесін бекітіп, еңсесін тіктеуіне ересен еңбек сіңірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда сағат 19.00-де мәлімдеме жасап, Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөнінде шешімін жариялады. Тәуелсіз ел тарихындағы тағдыршешті бұл қадам Қазақстанның жаңа даму бағдарын айқындаған өте жауапты кезеңге жол ашты.

Тұрақтылық пен орнықты даму жолы

Сабақтастық салтанаты

Қазақ жұртын ғана емес, бүкіл әлемді елең еткізген бұл елеу­лі оқиға – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың алысты болжайтын көрегендігін, даналығын та­ғы бір дәлелдеп берді. Тәуел­сіз­діктің тұғырын нықтап, ел ір­ге­­сін бекемдеп, жаңа Қазақ­стан­­ды қалыптастырған Тұңғыш Пре­­зидент саяси, әлеу­мет­тік, эконо­­микалық реформа­ларды табыс­­ты жүзеге асырып, аз уақыт­тың ішінде еліміз да­­мыған 50 ел­дің қатарынан көрінді. Қилы кезең­дер­дегі Ел­ба­сының сарабдал сая­саты, батыл қадамдары, тарихи шешімдері – мемлекеттің ор­нық­ты дамуының көрсеткіші іспеттес.

Елбасының ересен еңбе­гімен құтайған, қуаттанған Қазақ­станның ырысының шашылмай, тынышының бұзыл­мауына тұрақтылық тірек болып келеді. Мұның бір айғағы ретін­де еліміздегі билік транзитінің де бейбіт жолмен өткені көп­ке өнеге болды. Дәстүр сабақ­тастығын сақтай отырып, Қазақ­станды жаңа даму жолына бас­таған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсі­мінде Елбасыға ерекше ілти­патын көрсетті.

«Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған ұлы тұлға, Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз еркі­мен Мемлекет басшысы өкілет­тігін тоқтатты. Елбасының бұл ма­ңызды шешімі оның жаһандық деңгейде жəне тарихи ауқымда танылған саяси қайраткер ретіндегі ұлылығын көрсетті.

Бұл шешім мемлекетіміздің бола­ша­ғына деген ең жоғарғы шынайы қамқорлықтан туындап отыр. Біз барлық жетістіктерімізге, ең алдымен Қазақ­станның қастерлі Тəуелсіздігіне Тұңғыш Пре­зи­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаев­тың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Елбасы Кеңес Одағы күйреген тұстағы аса күрделі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің негізін қалап, оның көшін бас­тады. Көптеген теріс болжамға қарамастан, Нұрсұл­тан Əбішұлы елімізді барша əлемге мойындата білді. Дүние­жүзі картасында даму мен демо­кратияның, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды», деді Мемлекет басшысы.

Президент ретінде алғаш рет ел алдында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетіп, оның есімін мәңгілік ұлықтау қажет екенін алға тартты. Сөйтіп Елбасы салған азаттықтың асыл мұратындай ел астанасы Нұр-Сұлтан атауын иемденді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары дәрежелі «Халық Қаһар­маны» атағы беріліп, айрықша ерек­шелік белгісі – «Алтын Жұл­дыз» және «Отан» ордені тапсырылды.

Ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен дәс­түрлі даму жолымыздан айнымай, халықтың ауызбірлігін одан әрі нығайта түсу үшін қоғам мен билік арасындағы диалогты дамытуға ден қойды. Президенттің халыққа алғашқы Жолдауы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталды. Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында бірлігіміз баянды болып, тәуелсіздігіміз нығайып, әлеуметтің әл-ауқаты жақсарғанын, бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен ке­лісім кезеңі болғанын алға тартты.

Жаңа Президент қызметінің бағыт-бағдарындай болған сай­лауалды тұғырнамасы мен халыққа Жолдауына Елбасының басшылығымен жүргізілген жүйелі реформалар арқау болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуел­сіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріл­генін, өз жұмысында Елбасы ұсын­ған «100 нақты қадам» Ұлт жос­парын толыққанды жүзеге асыруды басты назарда ұстай­тынын айтты.

Қазақстан халқының ортақ тарихи тағдыры, Тəуелсіздік жыл­дарындағы жетістіктері, ортақ мақсат, ортақ мүдде жә­не халқы­мыздың кемел келешегі Ел­басының «Мəңгілік ел» тұжырым­да­масында үйлесім тапқан. Осы­нау уақыт аралығында ұлттық ұс­танымға адал, шынайы сүйіс­пеншілік рухында тəр­бие­ленген жас азаматтардың тұтас бір буыны қалыптасты. Бұған Елбасы жү­зеге асырған жастар саясатының, маз­мұны бірегей «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жəне «Ұлы даланың жеті қы­ры» атты мақалаларының ықпалы болды.

Бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Ру­хани жаңғыру» бағдар­ла­масының мақсатты түрде жал­ғасқанына басымдық беріп отыр. Жаңғырту жөніндегі Ұлттық ко­миссияның жұмысын қайта жандандыруды құп көретін Мемлекет басшысы әл-Фарабидің 1150 жыл­дық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын жоға­ры деңгейде аталып өтуі­не бас­тамашылық танытты. Бұған қоса Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту төл тарихымызға, мәде­ниетіміз бен та­биғатымызға турис­тер назарын аудармақ.

Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі тәуел­сіз елдің көшін бастаған, мемлекет құраушы тұлға ретін­де Елбасы мәрте­бесімен мәңгі­лік сипатталады. Бүгін­де Елба­сы салмақты өкілеттігі бар Қа­уіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Nur Otan партиясының Төрағасы, ҚХА Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі болып халыққа қызмет етіп келеді.

Мемлекетаралық мәмілегер

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың әлемдік саясатта ірі тұлға, мемлекетаралық мәмілегер ре­тінде есімі ерекшеленді. Жер-жаһанның назарындағы халық­аралық дау-жанжалдарды шешудегі Елбасының бітім­герлік болмысы, өзі басқарған Қа­­зақ­станның біраз елдің басын бірік­тірген беделді ұйымдарға төр­ағалық етуі, елордада айтулы саммиттердің салтанат құ­руы мерейімізді көтеріп, абы­ройымызды асырды. Шетелдік сарап­шылар Елбасының реформа­ларына «Қазақстан жолы» және «Назарбаев моделі» деп баға беріп жатты.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің әлемдік деңгейдегі қайраткер екенін айғақтайтын бірегей бастамалары бар­шылық. Мұның айқын бір мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевтың әділ түрде бүкіләлемдік қоғамдастық тара­пынан антиядролық қозға­лыс­тардың көш­бас­шысы ретінде мойындалғанын айтуға болады.

Біздің еліміз Елбасының да­на бас­­шы­­лығымен ядролық мем­лекеттер қа­тарынан әлемдік антиядролық қозға­лыстың жаһан­дық көшбасшысына айналды. Қазақстан ядросыз әлемге қарай нық қадам басуға жол ашқан көптеген бастаманы көтер­ді. Соның бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы та­рихи Жарлығы. КСРО-ның же­келеген әскери лауазымды тұлғалары мен саяси элитала­рының қарсылығына қарамастан, Елбасының қазақ жеріндегі полигонды жабуы – нағыз ерлік. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан әлем бойынша зымырандық-ядролық әлеуетке ие болғандардың бірі болды. Жаппай қырып-жою қаруын ұстап тұру үшін барлық әлеуетіміз де болған еді. Сол кездегі Қазақстанның ядролық әлеуеті Франция, Ұлыбритания және Қытайдың жиынтық күшінен де асып түсетін.

Жер-жаһанның бейбітшілігін, адамзаттың амандығын басты құндылық деп санайтын Елбасы ядролық күштерден арылуға, жаһандық және аймақтық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге орасан үлес қосты. Ол көтерген елеу­лі бастамалар халықаралық қа­уіп­­сіздікті қамтамасыз етуде­гі маңызды факторларға айна­лып отыр. Бұл – Орталық Азия­­да ядролық қарудан азат аймақ­ты құру туралы шарт, еліміз­дің аумағында МАГАТЭ қам­қор­лығымен халықаралық Төмен ба­йытылған уран банкінің құры­луы, Қазақстанның ирандық ядро­лық проблеманы реттеудегі дел­далдық миссиясы. Осының бәрі жа­һандық тұрақтылық пен сенім­нің іргетасын айтарлықтай нығайта түсті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, іргелес жатқан мемлекеттердің экономикалық жағынан бірлесе дамуына бас­тайтын ілкімді істерге бастамашы болды. Оның еуразиялық интеграция жөніндегі идеясы бүгінде табысты жұмыс істеп тұрған Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына негіз болып, өңір­лік ынтымақтастықты нығайтуға, эко­но­микалық даму са­ласындағы түйткілді мәселелерді анықтап, оны шешу жолдарын іздеуге тың серпін берді.

Былтыр елордада Елбасының еура­зиялық интеграция жөніндегі идеясына 25 жыл толуына және Еуразиялық эконо­микалық одақ жөніндегі келісімге қол қойы­­луының 5 жылдығына орай Жоғары Еу­разиялық эконо­микалық кеңестің ке­зекті отырысы өтіп, онда Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы» атағын беруді ұсынды. Ұсыныс қатысушылар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

Бұған қоса Елбасы түбі бір Түркі елдерінің ынтымағының нығайып, бауыр­ластық, әріптестік байланыстардың жаңа деңгейге көтерілуіне сүбелі үлес қосты. Айталық, Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы бастама көтеріп, оның бүгінгідей кере­гесінің кеңейіп, аяғынан нық тұруы­на еселі еңбек сіңірді. Өткен жылы Баку қаласында ме­рейлі онжылдық белесін еңсерген Түркі кеңесі­нің саммитінде алғаш рет Түркі кеңесі­нің Құрметті Төрағасы мәр­тебесі белгі­леніп, Кеңеске мүше мем­лекет­тер бұл құр­метке бірауыздан Ел­басы Нұр­сұлтан Назарбаев­ты лайық деп та­ныды және Түркі әле­мінің Жоғары ор­де­німен салтанатты түрде марапаттады.

Заман тынысын тап басып танитын Нұрсұлтан Назарбаев шын мәнінде қазіргі кездегі әлемнің кемеңгер тұлғасы ретінде мойындалды. Осындай алып адам қазақтың бағына туып, Тәуелсіздік алған тұста ел рухын көтеріп, Қазақстанның керегесі кең, өзгелермен терезесі тең мемлекет ретінде қалыптасуына қызмет етті. Қазақ халқы үшін Нұрсұлтан Назарбаев – түріктердің Ататүркі, орыстардың I Петр, Американың Рузвелті, Сингапурдың Ли Куан Ю сияқты қайраткері жəне түр­кі əлемінің абызы. Ұлы даланың асыл презентінің аты мен Тәуел­сіз Қазақ­стан­ның тарихи сабақ­тастығы мәңгі үзілмек емес.