«Ягуар» тігін фабрикасы Орал қаласында 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Фабрика директоры Берік Әбілқасовтың айтуынша, мекемеде негізінен мүмкіндігі шектеулі мамандар қызмет етеді. Кәсіпорын негізінен арнайы киімдер, қызметтік костюмдер тігумен айналысып келген.
-Елімізде төтенше жағдай жарияланып, үлкен-кіші коронавирус індетіне қарсы жұмылған кезде біз де қарап жата алмадық. Өйткені Орал қаласында да медициналық маска төңірегінде түрлі әңгіме көбейіп кетті. Сұраныс бар, тауар жоқ. Осыдан кейін ұжымымызбен ақылдасып, жұмысымыздың бағытын уақытша өзгертуге шешім қабылдадық. Яғни жергілікті халықтың сұранысын өтеуге көмектесу үшін бетперде тігуге кірістік, - дейді Берік Әбілқасов.
«Ягуар» тігін фабрикасы 4 күн ішінде 6 мыңнан аса маска тігіп үлгерген екен. Оны көбіне мекемелер көтерме бағамен сатып алуда. Бетперденің көтерме бағасы 180 теңгеден.
-Өнімнің бағасы қымбаттау екені рас. Бірақ шекара жабылысымен шикізат, яғни мата құны қымбаттап кетті. Бірақ біздің бетперденің ерекшелігі - табиғи матадан тігілген, жуып, өңдеп, қайтадан пайдалануға болады. Бір бетперде 10-15 күнге жетеді, - дейді кәсіпорын басшысы.
Батыс Қазақстан