Тағайындау • 19 Наурыз, 2020

Целиноград ауданына жаңа әкім тағайындалды

586 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Целиноград ауданының әкімі болып Бақытбек Оспанбеков тағайындалды. Бұған дейін бұл міндетті атқарған Мәлғаждар Тәткеев таяуда облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған болатын. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жаңа тағайындалған әкімнің қызметіне табыс тілеп, бірқатар мәселелерді шұғыл қолға алуды тапсырды.

Целиноград ауданына жаңа әкім тағайындалды

–Президент әкімшілігінің келісімімен Целиноград ауданының әкімі болып Бақытбек Амантайұлы Оспанбеков тағайындалады. Бақытбек Амантайұлы 1968 жылы дүниеге келген. Ақмола облысының тумасы. Целиноград инженерлік-құрылыс институтында білім алған,–деді облыс әкімі.

Бақытбек Оспанбеков 2018 жылдың сәуір айынан бері облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жетекшісі қызметін атқарған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс салаларындағы тәжірибесі мол. Осы ауданда әкімнің орынбасары қызметін атқарған.

Ермек Маржықпаев бұған дейін 6 жыл Целиноград ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарған Мәлғаждар Тәткеевке алғыс білдірді. Осы жылдар ішінде Мәлғаждар Саттарұлы өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосып, елді мекендердің инфрақұрлымын жаңғыртуға көп күш жұмсады. Тағайындаудан кейін, облыс әкімі Ермек Боранбайұлы аудандағы көктемгі су басу қаупіне қарсы әрекет етудің барысын бағамдады. Талапкер және Нұресіл ауылдарының арасын жалғаған көпірдің бүгінгі жай-күйімен танысты.  

12 наурызда Талапкер ауылының тұсынан өтетін Есіл өзенінің 1 шақырым арнасын түзету және тереңдету шаралары жүргізілген еді. Жағалауды бекіту жұмыстары да аяқталған. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев су басу қаупіне қарсы шараларды тәулік бойы бақылауды тапсырды.  

Целиноград ауданы,

Ақмола облысы.