Аймақтар • 19 Наурыз, 2020

Ақмола облысында 31 адам карантинде жатыр

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Олардың жағдайы тұрақты. Үнемі бақылауда. Бесеуі үйге шығарылды.  Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Сүлен Ілиясов мәлімдеді. Ал 34 адам үй карантинінде.

Ақмола  облысында 31  адам карантинде жатыр

Мәскеуден келген Атбасар ауданының 3 азаматы стационарға жатқызылды. Бұлар бір отбасының мүшелері. Олардың балаларының дене қызуы көтерілген. Абырой болғанда вирус белгілері анықталмады. Қазір өңірде жағдай тұрақты. Коронавирус індетіне шалдыққандар тіркелмеген. Аймаққа шетелден ұшақпен келген 14 адам қан тапсырды. Сараптама қорытындысы коронавирус дертінің жоқ екендігін анықтады. Қазір облыстағы барлық медициналық ұйымдарда карантин жарияланған. Науқастардың жағдайын сұрай келгендер ауруханаға кіргізілмейді. Ал емделіп, қараламын деушілерге, жедел көмекке мұқтаж жандарға есік ашық.

– Біздің өңірдегі инфекциялық бөлім облыстық тубдиспансерде  орналасқан. Ал болжалды бөлім тері-венерологиялық диспансерінде. Карантиндік госпиталь жоғары медициналық колледжінің жатақханасында дайындалған. Қандай да бір жағдай орын алса, медициналық қызметкерлеріміз дайын. Госпитальдық карантинға әр адам тұрғылықты мекенжайы бойынша жіберіледі. Яғни, облыс орталығына келудің қажеті жоқ. Ал тұрғындарға мүмкіндігінше үйде болыңыздар дегім келеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Сүлен  Ілиясов.

Ведомство өкілі өңір тұрғындарына көп адаммен байланысқа түспеуге шақырды. Өйткені, әлем тәжірибесіне сай, барынша сақтық шараларын ұстанып, үйде болған абзал. Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус індетін жұқтырғандар саны  39-ға жетті. Қазір өңірдегі қоғамдық орындар жабылып, бірқатар мекеме қызметкерлері қашықтықтан жұмыс істеуде. Сондай-ақ алдағы екі аптаның ішінде онлайн кеңес беру жұмысы іске қосылмақ. Мәселен, алыс аудандардағы емделушілерге облыс дәрігерлерінің әлдебір сырқатқа қатысты сараптама қорытындысы қажет болса, оны онлайн түрде алуға болады.

Көкшетау қаласы