Өзенге Ивановка су қоймасынан су жіберілген екен. Қазір апаттың салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Өзендегі су деңгейі соңғы тәуліктерде күрт көтерілген. Бурабай, Зеренді аудандарынан аққан қар суы өзен деңгейін шамамен 1,5 метрге молайтты. Оған қоса, іргедегі Ивановка су қоймасынан қалыпты мөлшерден тыс су жіберілген.
Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметінің 67 техникасы мен 90-ға жуық құтқарушысы жұмыс істеуде. Қылшақты өзеніне таяу маңда 2 мектеп пен көпқабатты бірнеше тұрғын үй бар. Мамандардың айтуынша, қазір оларды су басу қаупі төніп тұрған жоқ.
–Қазіргі кезде Қылшақты өзенінің жиегінде инертті материал, топырақтармен көтеріп жатырмыз. Өзен Қопа көліне құяды. Өзен арнасы жақын тағы бір білім ошағы бар. Мыңға жуық адам тұратын 5-6 көпқабатты үй бар. Өткен жылдары да көктемде осы маңды су басып қалған болатын,–дейді облыстық жедел-құтқару жасағының бастығы Дәулет Шамиғанов.
Қазір Застанционный шағын ауданына өтетін көпір жабылған. Көпірдің өтпелі арықтары қар мен мұздан тазалануда. Үйлер мен мектептің маңайы құм толтырылған 5 мыңнан астам қаппен қоршалған. Өзен арнасындағы мұз бен қамыс қалдықтары ағысқа кедергі келтіруде.
Қылшақты өзенінің бойында орналасқан тұрғын үйлер мен №12 және 8 мектеп аумағы ерекше бақылауға алынған.