23 Тамыз, 2013

Қызылордада қала күніне дайындық жүргізілуде

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кызылорда

Биыл Сырдың бас қаласы – Қызылорда қаласына 195 жыл. Осы ретте мереке қарсаңында қаладағы көркейту, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз хатшысы Балдырған Мамен хабарлады.

Қала әкімдігінде өткен мәжілісте қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Марсбек Молдабаев шаһар күні мерекесіне байланысты бірқатар істердің қолға алынғанын атап өтті. Қазірдің өзінде 27 аллея мен скверлерді еңбеккерлер жасыл-желекке бөлеу үстінде.Сонымен бірге, Жібек жолы көшесі мен Астана даңғылы бойларына гүлдер отырғызылып, көше бойындағы электр бағаналарына глобус тәріздес гүлмен көмкерілген шарлар орнатылуда. Жаңа аялдамалар орнатылып, қаланың темір жол вокзалы аумағында кеңейту және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.Мұнан өзге 40 көшеге жарықтандыру жүргізіліп, қала аумағындағы аллеялар мен скверлер аумағына жаңа үлгідегі жарық бағаналары орнатылуда.Ал осы жұмыстардың алдында қаланың негізгі Жібек жолы көшесі қайта жаңғыртудан өткен еді.

Бүгінгі кездері Тасбөгет қыстағындағы «Наурыз», «Тасарық» шағын аудандары, темір жолдың арғы бетіндегі Тайманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер аумағы, «Мерей» шағын ауданы және қала ішіндегі 42 аула абаттандырылды. Сондай-ақ, балалардың бос уақытын тиімді ұштастыру үшін 23 тұрғын үй аулаларына спорт алаңдары салынатын болып ұйғарылды.

Әмірхан Алмағанбетов.