Қазақстан • 19 Наурыз, 2020

Шетелдік еңбек мигранттарына рұқсат беру тоқтатылды

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысында арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, дезинфекциялық шараларды жүргізудің арнайы кестесі бекітілді. Сондай-ақ, өңірге шетелден жұмыс күшін әкелуге рұқсат қағаздарын беру тоқтатылды. Бүгінде облыстағы 15 кәсіпорында шетелден келген еңбек мигранттары жұмыс істейді.

Шетелдік еңбек мигранттарына рұқсат беру тоқтатылды

Облыстағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары бүгінде 1322 адамға қызмет көрсетеді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық стационарлар  карантинге жабылды.

– Өңірде 10 интернат  үйі бар. 6-уы психоневрологиялық  орталық. Балалар мен қарттарға 790 маман қызмет көрсетеді. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында орталықтарда дезинфекциялық режим енгізілді. Мамандар жаппай маска тағады. Тазалыққа ерекше мән берілуде. Орталықтарда азық-түліктің 2-3 айға жететін қоры бар. Маска да жетерлік. Қазір 20 мың данасы тұр,–дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жетекшісі Дина Ахметжанова.    

Өңірге шетелден жұмыс күшін тарту мақсатында биыл 161 квота беру қарастырылған. Екі айда оның 5-уіне рұқсат берілген. Елде жарияланған төтенше жағдай режиміне сәйкес қазір шетелден келетін еңбек мигранттарына рұқсат беру тоқтатылды. Айта кетейік, өңірдегі 15 кәсіпорында шетел азаматтары еңбек етеді.

–Бұл үрдіс уақытша тоқтады. Қазірде елімізде 29 рұқсат қағазымен жұмыс істеп жатқан шетел азаматы бар. Олардың мерзімі ұзартылды,–дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жетекшісі Дина Ахметжанова.

Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында жекелеген ұйымдардың қызметі шектелген. Сондықтан, бүгінде бірқатар еңбеккерлер толық емес және  қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілді.  

–Еңбек Кодексінің 112-бабына сәйкес ақы төлеу  талаптары еңбек, ұжымдық шарттарымен айқындалады және жалақының ең төмен мөлшерінен, яғни, 42500 теңгеден кем болмайтын мөлшерде белгіленеді,–дейді облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Дүйсенбек Баймұсынов.

Облыстық еңбек инспекциясы бір айда жұмысшылардан түскен жүзге жуық арыз-шағымды қарастырады. Елдегі соңғы күндердегі төтенше жағдай режиміне байланысты жұмысшылар тарапынан еңбек құқығының бұзылуына қатысты бірде-бір арыз түспеген.