Биыл наурыз айының басында челленджді Актөбе ауылшаруашылық колледжінің студенті, волонтер Гүлжазира Асуова бастап, жемқорлыққа қарсы тақырыпқа арналған өзінің өлеңін оқыды.
«Мемлекет басшысы бұл жылды Волонтер жылы деп жариялады. Сонымен қатар биыл жас ұрпақты адалдық пен парасаттылыққа, еңбек пен білімге құштар болуға тәрбиелейтін қазақ және түркі ойшылдарының мұрасына да зор мән берілуде. Мен өз өлеңім арқылы барлық қазақстандықтарды әлеуметтік індет – жемқорлыққа қарсы күресуге шақырамын» деді Гүлжазира Асуова.
Ол эстафетаны «Ізгілік елшісі» жобасының волонтерлары мен барлық қазақстандықтарға жолдады.
Гүлжазираның бұл бастамасын көптеген желі қолданушысы қолдады. Instagram желісіне #adaldyqJolymen хэштегі арқылы азаматтарды парасаттылыққа, адалдық пен әділдікке шақыратын ұлы ойшылардың шығармалары мен төл туындылары оқылған жүзге жуық бейнежазба жүктелді. Әр бейнежазба #adaldyqJolymen хэштегімен белгіленеді.
Бүгінгі күнге дейін челленджге Алматы облысы Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің волонтерлары, университеттер мен колледж студенттері, мектеп оқушылары, мәдениет саласының қызметкерлері және т.б. қатысты.
Жалпы, эстафетаны Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары белсенді қолдады. Facebook және Instagram желілері бейнежазба жүктелетін басты алаңға айналды.
Сондай-ақ эстафета Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдеріне, Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповскихке, Президент Әкімшілігінің инспекторы Максим Споткайға, Jas Otan жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаевқа, «Қазақстан барысы» және «Әлем барысының» екі дүркін чемпионы Айбек Нұғымаровқа жолданды.
Сондай-ақ БАҚ және өнер саласының өкілдерін осы челленджді қолдауға шақырамыз.