Үкімет • 19 Наурыз, 2020

Қазақстандық сержанттар АҚШ-та бақ сынады

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің Қарулы Күштерінің сержанттары Қазақстан мен АҚШ қорғаныс ведомстволары арасындағы 2020 жылға арналған әскери байланыс жоспарына сәйкес сержанттар құрамының әскери қызметшілері арасында өтетін жыл сайынғы «Үздік жауынгер-2020» байқауына қатысты.

Қазақстандық сержанттар АҚШ-та бақ сынады

Аталған сайыс Аризон штатындағы «Хуачук» әскери базасында ұйымдастырылды. Оған 50-ге жуық әскери қызметші қатысты. Айта кету керек, Қазақстандық тарап бұл сайысқа алғаш рет шақырылды.

«Аталмыш конкурсқа қатысу Қазақстан ҚК сержанттар құрамының кәсібилігін арттыруға, екі ел ведомстволары арасындағы халықаралық әскери ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ әскери жарыс түрлерін ұйымдастыру және өткізу мәселелерінде шет елдік армиялардың тәжірибесін алуға ықпал етеді. Сонымен қатар, әлем елдері бойынша Қазақстан ҚК сержанттық құрамының дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді», – дейді Қазақстан Қарулы Күштерінің бас сержанты, шебер-сержант Темірбек Халықов.

Күш, шыдамдылық, қару-жарақпен жұмыс істеудің тәжірибелік дағдылары, ұрыс алаңында бағдарлай білу, жауынгерлік жағдайда жеке құрамды басқару, биіктіктегі қорқынышты жеңу, тығыз қарым-қатынас орнату сынды талаптарға сәйкес келу талабы сайысқа қатысушы әрбір үміткерге қойылды.

Қазақстандық команда құрамында «үздік сержант» атағын алуға Бүкілармиялық сайыстың, сондай-ақ әскери халықаралық ойындар аясында өткізілетін «Әлем жауынгері» халықаралық конкурсыының жүлдегелері қатысты. Олардың қатарында Бүкілармиялық сайыстың бірнеше дүркін жеңімпазы, көпсайыстан 1-разрядты иемденген рота сержанты, аға сержант Нұрбол Дәулетов пен «Әлем жауынгері» халықаралық сайысының бірнеше дүркін жеңімпазы, сержант Ертілек Бекболатов бар. (2018 жылы 1 орын, 2019 жылы 3-орын).

Барлық сайыс 8 кезеңнен тұрды, онда әскери қызметшілер жауынгерлік атыспен, дене және атыс дайындығы бойынша тестілеуден және кедергілер жолағынан өтті, жергілікті жерді түнгі бағдарлау және топография дағдыларын көрсетті. Сайыста жеңіске жету үшін әскери қызметшілерге көшбасшылық қасиеттері бойынша өз білімдерін көрсету маңызды болды.

Қазақстандық сержанттар аталған сайыста жоғары дене даярлықтарын көрсетті. Сержант Ертілек Бекболатов, кедергі жолағын 2 минут 15 секундта өтіп Аризон штатында рекорд орнатты, бұл алдыңғы рекордтардан екі есе жылдамырақ. Сонымен қатар Қазақстан ҚК әскери қызметшілері тактикалық дайындық, жергілікті жерге бағдарлау, жақын қашықтықтағы атыс бойынша жарыс барысында жақсы тәжірибе алды.