Елбасы • 19 Наурыз, 2020

Б. Байбек: «Елбасы моделі» - жауапкершілікке негізделген лидерлік

548 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек aikyn.kz-ке берген көлемді сұхбатында Елбасының өз президенттік өкілеттігін тоқтатуына бір жыл толуына орай өз ойын ортаға салып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның қалыптасуындағы рөлі жайында кеңінен әңгімеледі.

Б. Байбек: «Елбасы моделі» - жауапкершілікке негізделген лидерлік

Партия төрағасының Бірінші орынбасары бүгінде «Елбасы моделі» ұғымы сарапшылар мен ақпараттық ортада толық орныққанын айтты. Ол өз сөзінде Тұңғыш Президенттің кәсіби және жеке қасиеттеріне, саяси беделі мен тарихтың даму барысын бағамдай білуіне, саяси қырағылығына, тиімді жұмыс тобын жасақтай білу қабілетіне тоқталып, Елбасы лидерлігінің басты ерекшелігін атап көрсетті.

 

«Ал ең бастысы – жауапкершілікке негізделген лидерлік. Бұл - конституциялық реформалар, нарықтық экономика мен жекешелендіруге өтудің күрделі кезеңдері, шекараның делимитациясы мен демаркациясы. Бұл - ел экономикасының дамуына қуатты қарқын берген астананы көшіру туралы шешім үшін саяси жауапкершілік. Бұл - Ұлттық қорды құрудағы Елбасының саясаткер және стратег ретіндегі келешекті бағамдай білуі. Бұл - «Болашақ» халықаралық стипендиясын енгізу арқылы жас басқарушылар буынын қалыптастырудың маңыздылығын терең түсіну» - деді Бауыржан Байбек.

 

Партия төрағасы Бірінші орынбасарының айтуынша,сол кезде қабылданған көптеген шешімдер қарсылыққа тап болғанымен, уақыт өте келе қарсы шыққандардың өзі Елбасының жақтастары мен мүддестеріне айналған. «Nur Otan» партиясы да Елбасы реформаларының бағытын қолдау бойынша жалпыхалықтық коалиция негізінде құрылды. Кейінірек ол елді жаңғыртушы жетекші күшке айналды.  

 

«Тұңғыш Президенттің тағы бір ерекше қасиеті – кез келген жағдайдан қиыннан қиыстырып, сара жол таба білуі. Бұл «Nur Otan» партиясының саяси платформасындағы центризм идеологиясында көрініс тапқан. Назарбаев моделінің табысы - оның келешекті дәл болжап, күтпеген шешімдер ұсынуында, өзіне жауапкершілік алып, реформаларды аяғына дейін жеткізуінде», - деп атап өтті Партия төрағасыныңБірінші орынбасары.