Әкім орынбасарының айтуынша, қала периметрі бойынша тұрғындардың қозғалысы мен көліктердің кіріп-шығуын реттеу үшін қала шеңберінде 7 блок-бекет орнатылған. Қорғаныс министрлігінің тиісті қызметкерлері және санитарлық-эпидемиялық қызметтің өкілдері, сондай-ақ ішкі әскер қызметкерлері блок-бекеттерде қызмет атқарады. «Қала басшылығы Талапкер, Қараөткел (Ильинка), Қоянды, Қосшы, Жібек жолы, Шұбар ауылдары тұрғындарының қозғалыс мәселесін реттеді. Бұл елді мекен тұрғындарының қала шеңберіндегі қозғалыс ережелері, қала тұрғындарымен теңбе-тең. Санитарлық-эпидемиялық талаптарға сай, карантин аумағы қала сыртындағы елді мекендердің шекарасына дейін барынша кеңейтілді. Яғни, блок-бекеттер бұл ауылдардың сыртында орналастырылды», деді Б.Мәкен.
22 наурызға дейін мүмкіндік берілді
Қалаға кіріп-шығуға уақытша мүмкіндік беріліп отыр. Яғни 22 наурыздан бастап барлық санаттағы адамдардың кіріп-шығуына тосқауыл қойылады. «Тұрғындар үшін маңызды ақпарат, елордаға кіруге және қаладан шығуға әзірше уақыттары бар. Алдағы 72 сағат әуе және темір жол қатынастары арқылы қаладан кету немесе келу үшін мүмкіндік беріліп отыр. 22 наурыздан бастап барлық санаттағы тұрғындарға қала аумағына кіруге және шығуға толық шектеу қойылады. Кез келген қатынастардың транзиттік тасымалдаулары, Нұр-Сұлтан қаласының аумағында тоқтатылмай жүргізіледі. Яғни, жолаушы пойыздары қала арқылы өтеді, бірақ тоқтамайды. Ал 22 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласынан ешқандай «жолаушы пойызы» жолға шықпайды. Қала аумағын басып өтетін не болмаса азық-түлік тасымалдайтын көліктер арнайы жасыл дәлізбен ғана қатынасады. Бұл қалаға керекті тауарларға байланысты», деді Б.Мәкен.
Бас қалада қандай талаптар күшейтілді?
Қала басшысының орынбасары індетті ескерту және алдын алу бойынша бірқатар талаптар күшейтілгенін жеткізді.
Атап айтқанда, бірінші, инфекцияның таралуына жол бермеу үшін арнайы Өңірлік жедел штаб құрылып, тәулік бойы қызмет етеді. Екінші, халық пен шаруашылық субъектілерінің қызметін реттеу үшін қалалық штабтың арнайы шешімі қабылданды. Үшінші, қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы іс-шаралар жоспары іске асуда. Қосымша азық-түлік тауарларын жеткізу мәселесі, өңірлермен бірлесе отырып шешілді. Қазір халыққа ең бірінші қажетті әлеуметтік және тұтынушылық тауарлар қоры жеткілікті. Сауда үйлері мен қоймаларда артық көлемде қор жинақталған. Төртінші, Денсаулық сақтау министрлігінің «А» және «В» жоспарындағы іс-қимыл алгоритміне сәйкес, коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен байланысы болған тұлғаларға арналған алдын алу жатын орындары мен карантин стационарлары кеңейтілді. «С» жоспарына сәйкес қосымша жатын орындар жасақталды. Бесінші, Фармацевтика қауымдастығы мен Тауарлардың қауіпсіздігін, сапасын және қызметін бақылау департаменті арасында бағаны реттеу, сондай-ақ дәрілік және медициналық тауарларды жеткізу бойынша өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Іс-шаралар кешені іске асуда
Б.Мәкен елордада санитарлық-эпидемияға қарсы кеңейтілген іс-шаралар кешені іске асырылып жатқанын да баяндады. Яғни аялдамаларды, қоғамдық көліктерді, көше бойларын және өзге де әлеуметтік маңызды нысандарды санитарлық реттеу және дезинфекциялау жұмыстары ұйымдастырылуда. Азық-түлік өнімдерін сататын сауда үйлері мен дүкендердің үзіліссіз қызмет ету мүмкіндігі қамтамасыз етілуде. Қоғамдық тамақтану орындарында онлайн тапсырыс беру және тамақты үйге жеткізу форматы жүйесі ұйымдастырылды. Бизнес орталықтар, стоматология, шаштараз және тағы басқа халыққа жекелей қызмет көрсету орындары сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін қызмет етеді. Ал құрылыс және олардың мердігер компаниялары санитарлық нормаларды күшейте отырып, штаттық режімде жұмыстарын жалғастырады. «Тұрғындар және заңды тұлғалар, меншік нысанына қарамастан, шектеу шараларын, соның ішінде карантиндік режімді орындауға міндетті», деді қала басшысының орынбасары.
Сондай-ақ ол азаматтарға мемлекеттік ресми дереккөздерде жарияланған ақпараттарға ғана сүйеніп, жанаспайтын мәліметтерге сенбеуді және арандатушылыққа бармауды ескертті. Барша елордалықтарды сабырға шақырған әкімнің орынбасары атқарылып жатқан шараларға түсіністікпен қарап, карантин талаптарын толық сақтауды өтінді.