Аймақтар • 20 Наурыз, 2020

Әріптеске гүл сыйла!

395 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетіндегі әріптестеріміз Наурыз мерекесі қарсаңында бір-біріне өздері өсірген тірі гүл сыйлап, ізгі тілектерімен бөлісті.

Әріптеске гүл сыйла!

– Бұл идея ақпан айының басында туған еді. «Наурыз мерекесі таянғанда бір-бірімізге өзіміз өсірген тірі гүл сыйлайық. Ол үшін қазірден бастап өскіндерді тамырландырып, әбден тамыр жайғасын арнайы ыдыстарға егіп, баптайық» деген бастама көтердік. Бұл идеяны ұжымның үлкен-кішісі түгел қолдады. Негізі, өз қолыңмен өсірген гүліңді айналаңдағы адамдарға сыйлау – жердің жүзін гүлдендіріп, түрлендіретін Наурыз мейрамының табиғатына тән ғой. Сол себепті біздің ұжымның бұл бастамасы бұқаралық сипат алады деп сенеміз, – дейді «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, жазушы Бауыржан Ғұбайдуллин.

Айта кетейік, шыға бастағанына ғасырдан асқан байырғы газетте әуелден татулығы жарасқан тамаша ұжым қызмет етеді. Әр аптаның жұма күндері арнайы дастархан жайып, шелпек пісіріп, осы редакцияда қызмет еткен аға буын журналистердің аруағына дұға бағыштайтын дәстүрі де көпке үлгі. Әлемді әбігерге салған коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай кезінде де ұжымның ауызбіршілігі арта түсті. Жас тілші Ләззат Шағатай өзі тігіп дайындаған бетпердені әріптестеріне тегін таратып, жанашырлық көрсетті.

Батыс Қазақстан