Экономика • 20 Наурыз, 2020

Оралда химиялық реагент шығаратын жаңа цех ашылды

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы «Топан» компаниясы мұнайды қайта өңдеу және тасымалдау кезінде пайдаланылатын химиялық реагенттер шығаратын жаңа өндірістік цехты іске қосты.

Оралда химиялық реагент шығаратын жаңа цех ашылды

«Топан» ЖШС мұнай-газ саласына қажетті құрал-жабдықтар өндірісінде 20 жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатқан кәсіпорын. Оның 50-ден аса түрлі өнімін отандық және шетелдік мұнай-газ өндіруші компаниялар қатар пайдаланып келеді. Олардың ішінде әйгілі Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. халықаралық альянсы да бар. Осы кезге дейін жергілікті және шетелдік 50-ден аса кен өндірушілермен тығыз әріптестік орнатқан «Топан» ЖШС енді өндіріс аясын одан әрі ұлғайтып, жылына 20 мың тоннаға дейін өнім өндіріп, жаңадан 50 адамға жұмыс тауып бергелі отыр. Айта кетейік, бұған дейін еліміздегі мұнай-газ компаниялары химиялық реагенттерді Қытай мен Ресейден алып келген көрінеді.

- Қазақстанның батыс аймағында мұнай-газ өндірісі жақсы дамыған. Сондықтан осы саладағы әр компанияға да «Топан» шығаратын химиялық реагенттер керек. Бұрын ол шетелден әкелінетін болса, енді өзіміздің Орал қаласында шығарылатын болады. Осы арқылы кемінде 20 млн АҚШ доллары көлемінде импортты алмастырғалы отырмыз. Оған қоса жаңа жұмыс орындары ашылады, салық түсімі көбейеді. Мұның бәрі біздің халқымыздың игілігі үшін жасалып отыр. Мемлекет тарапынан біз «Топан» компаниясының несиесін субсидиялауға көмек беріп жатырмыз, - деді жаңа цехтың ашылуына орай өткен салтанатты шараға арнайы қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Құрылтайшылардың айтуынша, жаңа жобаға бас-аяғы 4 млрд теңге қаржы жұмсалған. Ал «Бизнестің жол картасы» бірыңғай бағдарламасы бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау үшін мемлекет тарапынан 726 млн теңге көмек көрсетілген. Жаңа зауыт 4 гектар аумаққа орналасқан. Бірнеше өндірістік бөлікке бөлінген цехтың дайын өнім сақталатын қоймасы да бар.

- Дәл осындай қиын кезеңде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс орындарын барынша сақтауға тапсырма берген болатын. Сіздер оны сақтап қана қоймай, қосымша 50 жұмыс орнын ашуға қол жеткізіп отырсыздар. Бұл өте жақсы жаңалық. Қазақстанның экологиялық тазалығы, өндірістік қауіпсіздігі үшін қажетті кәсіпорынның ашылуымен құттықтаймын. Жаңа цех Батыс Қазақстанның ғана емес, бүкіл еліміздің одан әрі дамуына үлес қосады деп ойлаймын, - деді өңір басшысы.

- Жаңа цехтың қуаты тәулігіне 70 текшеметр химиялық реагент шығаруға жетеді. Біз өндірген арнайы химиялық қоспаларды мұнайгаз өндіруші және өңдеуші компаниялар тұтынады. Осы арқылы шетелден импортталатын өнім түрлерін азайтып, қазақстандық мазмұнды байыта түсеміз, – дейді «Топан» ЖШС-ның даму жөніндегі директоры Ғайса Жұмалиев.

Жаңа цехта қоршаған ортаға зияны жоқ заманауи құрал-жабдық орнатылған. Мамандар Біріккен Араб әмірліктерінде, Ливерпульда, АҚШ-та білімін жетілдірген екен. Болашақта Қазақстанда өндірілген химиялық реагент өнімі ТМД елдерімен қатар алыс шетелдерге де экспортталуы мүмкін.

Суретті түсірген Эльвира МЕҢДІҒАЛИ

Батыс Қазақстан