Ауыл тұрғыны Төлен Рамазанұлының айтуынша, Өрнек интернет байланысы аясынан тыс жатқандықтан, мұндағы ел ұялы телефон ұстамайды. Сондықтан студенттер оқу бағдарламасында бекітілген тапсырмаларды интернет арқылы ала алмай отыр. Ата-аналар да «Баламыз ертең оқудан шығып қалмай ма?» - деп алаңдай бастаған. Ауылдағы жалғыз мектепте интернет бар. Бірақ оның күші электронды поштадан хат жіберуге ғана жарайды, онлайн байланысқа шамасы жетпейді.
Өрнектегі 6 студенттің бірі Сүндет Сұлтанғазин - Қостанай мемлекеттік университетінің 1 курс студенті. 16-сы күні мектепке барып, Moodle жүйесіне кіре алмаған студент: - Бүгін интернет істеп тұр, бірақ жылдамдығы өте баяу. Бір-екі тапсырманы әрең дегенде жүктеп алып, орындап үлгердім. Тақырып бойынша берілген сұрақтарға жауап беріп, оны пән оқытушысына күнделікті жіберіп отырмасаң, 0 ұпай аласың. Ол ертең кезеңдік бақылауға кері әсерін тигізуі мүмкін, - деді.
Себепті жағдаймен Moodle жүйесіне кіре алмай, сабақ қалдырып, кезеңдік бақылау сұрақтарына уақытында жауап бере алмаған студентке кешірім жасалып, қарызын өтеу мерзімі ұзартыла ма екен деген сауалмен Қостанай педагогика университетінің қашықтан оқыту орталығына қоңырау шалып едік, жауап болмады. Амалсыз оқытушыларға хабарластық.
- Бағдарламашылар екі күн қатарынан Moodle жүйесімен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. Өте қиын емес. Кесте бойынша компьютер арқылы онлайнға шығамыз. Кәдімгідей бір-бірімізді көріп отырамыз. Студенттер түсінбегенін сұрап отырады. Біреудің микрофоны істемейді, біреудің веб-камерасы жоқ. Бірақ чатқа шыға алады. Студентке осы үш түрлі байланыстың қайсысы ыңғайлы, сабақты сонымен өтеміз. Студенттердің дені байланысқа смартфон арқылы шығатындықтан, бет-жүзін көбіне көрмеймін, бірақ олар мені естіп отырады. Түсінбей қалғанын чат арқылы сұрайды. Аты-жөні шығып тұрады, сол арқылы сұрақ иесіне жауап береміз. Ал студенттің жауабын автоматтандырылған «Платонус» жүйесі арқылы бағалап жатырмыз. Кейбір ауылдарда интернет дұрыс істемейді. Соған байланысты қолайсыздық бар. Кейбір балалар онлайн сабаққа қатыса алмай жатыр. Егер ауылында интернет болмаса, оларға жеңілдік жасалатын шығар, - деді Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПИ-дың аға оқытушысы Мұрат Жұмаш.
Ауылда интернет болмағандықтан, қалада қалған студенттер бар. Мәселен, Нұр-Сұлтандағы медициналық университеттің студенті Раушан Тасанова осы онлайн сабақ үшін Қостанайдағы туысының үйінде жатыр. Айтуынша, өзіне осы ыңғайлы. Әкесі Бектемірге қоңырау шалып едік:
- Қызым үйге жете алмай жатыр ғой, - деді.
Не болса да, бүгінгі жағдайда баланың үйде, әке-шешесінің көз алдында отырғаны дұрыс. Онлайнға шығу оңайға соқпайтын елді мекендерде тұратын студенттер көп емес қой. Білімнің берекесі кетіп, баланың жүйкесі тозбай тұрғанда, сабақтан уақытша босатып, оларға аванс түрінде демалыс берген де дұрыс сияқты.
ҚОСТАНАЙ