Қазақстан • 20 Наурыз, 2020

Полицейлер 35 миллион жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз етті

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті басшысы полковник Оңал Бекеев халыққа есеп беру кездесуінде айтты. Есеп беру Facebook және  Instagram желілерінде онлайн режимінде өтті.

Полицейлер 35 миллион жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз етті

Өз сөзінде О.Бекеев ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ішкі істер органдарының алдына қойған негізгі тапсырмаларына, яғни құқық бұзушылықтарға жол бермеу, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және полицияның қоғаммен өзара іс-қимыл жасауының тиімділігіне баса көңіл бөлді.

О.Бекеев 2019 жылы атқарылған жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысымен таныстырды.

«Бүгінгі күні Департамент қызметкерлері бүкіл республика бойынша көліктегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді. Республика аумағында 18 әуежай, 1047 теміржол станциялары және 305 темір жол вокзалдары орналасқан», деді Оңал Ботайұлы.

Көлік полицейлері былтыр теміржол көлігі арқылы жүрген 20,5 млн жолаушының және әуе көлігін қолданған 15 млн жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

2019 жылы барлығы екі мыңнан астам құқық бұзушылықтар тіркелді. Жалпы қылмыстарды ашу 72,9%-ды құрады.

«Қоғамның қолдау көрсетуі біз үшін аса маңызды, себебі қоғаммен өзара іс-қимыл жасау халықтың полицияға деген сенімін арттырады, азаматтарға өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлестерін қосуға мүмкіндік береді» - деп атап көрсетті О.Бекеев.

О. Бекеев жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін Көліктегі ПД мен оның желілік бөлімдеріндегі қызметкерлері теміржол жарақатының алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларды ұдайы жүргізіп келе жатқанына тоқталды. Өкінішке қарай, жүргізілген профилактикалық жұмыстарға қарамастан азаматтар теміржол көлігі қозғалысының қауіпсіздігі ережелерін жиі  бұзады.

Мәселен, өткен жылы теміржол төсемінің белгіленбеген жерлерінен өткен 25293 азамат әкімшілік жауапкерлікке тартылды. Сондай-ақ поездарды шұғыл тежеудің 2505 фактісі тіркелді.

О. Бекеев ересектер мен балаларды жеке қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырды. Әрі темір жолдар арқылы жүріп өтуге белгіленген және жабдықталған орындарда, жаяу жүргіншілер өткелдері, көпірлер мен темір жол өткелдері бойынша ғана жол берілетінін көпшіліктің есіне салды.

Ляззат Бақашқызы