Аймақтар • 20 Наурыз, 2020

Түркістан: Тойхана иесі мен той жасаушыға хаттама толтырылып, сотқа жолданды

898 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тойханасы көп Түркістан өңіріне төтенше жағдай терістеу келіп тұр. Дегенмен тұрғындар үшін 3-4 сағаттық думан емес, деннің саулығы қымбат. Сондықтан бүгінде көпшілік түрлі тойларды кейінге қалдыруда. Алайда, төтенше жағдай кезінде той жасағандар да бар болып шықты.

Түркістан: Тойхана иесі мен той жасаушыға хаттама толтырылып, сотқа жолданды

Полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков басқаратын Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері бүгінде күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Яғни, төтенше жағдай кезіндегі талаптардың сақталуы күндіз және түнгі рейдтер арқылы да  қадағалануда. «Осындай кезекті рейд барысында облыс аумағындағы ауылдардың біріндегі тойханада жиын өткізілгені анықталды. Аталған жайтқа байланысты полицейлер тойхана иесі мен той иесіне Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режимiн бұзу» бойынша хаттама толтырды. Сондай-ақ шара қабылдау үшін құжаттар қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды», деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Сондай-ақ Сарыағаш ауданының тұрғыны «коронавирус жұқтырған әйел арамызда жүр» деп әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан. Жалған ақпарат таратушыларды жауапкершілікке тарту туралы жәбірленушінің өтінішіне байланысты шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізген Келес АПБ-ның полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстаған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті қолхатпен босатылған. Ал, желіде таралған аудиохабарламадағы әйелдің 10 наурызда Мәскеу-Шымкент рейсімен Германиядан ұшып келгені белгілі болған. Әуежайда оны медицина қызметкерлері қарсы алып, Шымкент қаласындағы пәтеріне үй жағдайындағы карантинге жатқызған. Қазіргі уақытта ол амбулаториялық ем қабылдауда және денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ екені анықталған.