Технология • 20 Наурыз, 2020

Майкрософт «Жасанды интеллект» бизнес мектебін іске қосты

561 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Технологиялық трансформацияларға ұшырап отырған бүгінгі әлемде бірқатар қажетті дағдыларды игеріп, үнемі жаңа білімдерді алып отыру ерекше маңызға ие. Соңғы жылдары қарқынды дамып жатқан компаниялардың кейбірі бизнес-үдерістерді жетілдіріп, бәсекеге қабілетті болу үшін өз кәсіпорындарына жасанды интеллект әдісін жаппай енгізіп жатқаны белгілі.

Майкрософт «Жасанды интеллект» бизнес мектебін іске қосты

Майкрософттың “Pulse Survey” атты соңғы зерттеуі аясында Еуропа мен АҚШ-тағы 800 ден астам бизнес өкілдері арасында жасанды интеллектіні ендіру жоспарларына қатысты сауалнама жүргізілген. Зерттеу нәтижесі қарқынды дамып жатқан компания басшыларының 76%-ы бизнесте жасанды интеллектінің кеңінен қолданылуына қатысты өз көшбасшылық дағдыларын жетілдіргісі келетіндігін білдірген. Аталған компаниялардың 93,5%-ы келесі үш жылда жасанды интеллектіге инвестиция құюды көздеп отырған көрінеді.

Алайда стратегияны әзірлеу барысында бизнес көшбасшылары өз компанияларына жасанды интеллектіні қалай және қайдан енгізу қажеттілігі жайлы білмей жатады. Дәл сол себепті Майкрософт Жасанды интеллект жөніндегі бизнес-мектепті (Micrososft AI Business School) іске қосып отыр, оны https://www.microsoft.com/en-us/ai/ai-business-school сайтында тегін әрі онлайн түрде қолдануға болады.

Бизнес көшбасшыларының біліктілігін көтеруді көздейтін бұл бірегей бағдарлама жасанды интеллект көмегімен бизнесті басқарудың ең маңызды тұстарын қамтып отыр. Онда жетекші басшылардың, қаржылық директорлар мен сарапшылардың бизнесті дамыту үшін жасанды интеллектіні қолдану бойынша жеке тәжірибелеріне негізделген идеялары мен кеңестері сабақ түрінде ұсынылған.

Бизнес көшбасшылары өздеріне ыңғайлы қарқында контентке қол жеткізіп, өздеріне қызықты деген дәрістерді қарап, жасанды интеллект көмегімен бизнестегі шығындарды табысты түрде азайтып, қызмет көрсету сапасын көтере отырып, өз ұйымдарын түбегейлі түрде өзгерте алған бүкіл салаларда қызмет ететін басшылардың тәжірибесін тыңдап, онымен таныса алады. Қазірдің өзінде порталда жасанды интеллект тақырыбында мәтін және бейне түріндегі материалдардың, тақырып аясындағы зерттеулердің үлкен көлемі жарияланған. Бағдарлама тұрақты түрде жаңа мазмұнды контентпен толығып тұрмақ.

Жасанды интеллект арқылы трансформация жасау әр компания үшін жеке дара жол болмақ және де ол клиенттердің қойып отырған бизнес міндеттеріне тәуелді. Осылайша Майкрософт клиенттерге жасанды интеллектінің бүкіл әлеуетін жүзеге асырып, оны стратегиялық тұрғыда іс жүзінде қолдануға көмектесу үшін өз үлесін қосып отыр.

Аталмыш мектеп әлемдегі ең ірі бизнес-мектептердің бірі саналатын INSEAD компаниясымен серіктестік аясында құрылған. Ол жетекші бизнес көшбасшыларының оқыту әдістерін Майкрософт миссиясымен біртұтас мақсатқа біріктіріп отыр. Компания өкілдері жобаның түпкі мақсаты – ұйымдар мен жеке тұлғаларға жасанды интеллектінің әлеуетін толығымен жүзеге асыруға көмектесу екенін мәлімдеді.